Aljazeera мен QazСontent компаниялары серіктестік мәселесін талқылады

Халықаралық Aljazeera телеарнасының өкілдері – жарнама департаментінің басшысы Хафез Аль-Ава мен коммерциялық мәселелер жөніндегі менеджері Мохамед Хамад QazСontent медиакомпаниясына келді.

Делегация Астанаға ұлттық медиаорталықтың жұмысымен танысып, ынтымақтастық бағыттарын талқылау үшін ат басын бұрған. Қонақтарға редакцияның саясаты, мультимедиялық өндіріс ерекшеліктері, материалдарды дистрибуциялау жүйесі және жаңалықтар ағынын басқарудың заманауи тәсілдері таныстырылды.

Тараптар жасанды интеллектті медиа үдеріске енгізу мәселесіне де ерекше назар аударды.

QazСontent өзінің жаңа буындағы мультимедиялық контентін жасауға мүмкіндік беретін AI-құралдарын, автоматтандыруға арналған шешімдері мен AI-Lab жобаларын таныстырды. Сонымен қатар делегация өкілдеріне компанияның креативті, деректі және халықаралық бастамалары мен қолданыстағы цифрлық мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.

Кездесу барысында алдағы ынтымақтастық перспективалары – бірлескен жобалар, тәжірибе алмасу, халықаралық медиафорумдарға қатысу және инновациялық технологияларды қолдану мүмкіндіктері талқыланды.

Aljazeera өкілдері QazСontent -тің даму деңгейіне жоғары баға беріп, серіктестікті нығайтуға дайын екенін жеткізді.

«Тарихи quiz» жастар назарын өзіне аударды.

Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Тарихи quiz» интеллектуалдық жарысы өтті. Ол Қазақстан тарихы кафедрасы мен e-history.kz порталының бастамасымен ұйымдастырылды. «Күлтегін» алаңында 8 команда – студенттер, магистранттар, докторанттар және оқытушылар – тарихи білімдері мен дауыс пікірлерімен бақ сынасты. Бұл іс-шара ұлт тарихын заманауи түрде таныстыруға және жастардың зияткерлік мәдениетін арттыруға бағытталды.

Қазіргі жастар арасында тарихи викториналар мен интеллектуалдық байқаулар өте танымал. Бұл формат студенттерге жай ғана білімін сынау мүмкіндігін ғана емес, сонымен қатар жылдам ойлау, сыни тұрғыдан талдау және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Дәл осы тенденцияның айқын дәлелі ЕҰУ-де өткізілген «Тарихи куиз» болды. Сайыс басталар-басталмас, залда бірден қызу тыныс орнап, қатысушылар да, көрермендер де толық оқиғаға еніп кетті.

Іс-шара аяқталған соң ұйымдастырушылар «Тарихи quiz» жобасын тұрақты форматқа айналдыру жоспарларын жариялады. Болашақта осындай ойындарды үнемі өткізу, әртүрлі факультеттерден студенттерді тарту және форматты кеңейту көзделіп отыр.

 

Астанада елдің ең ірі медиафорумы Astana Media Week 2025 аяқталды. Оған Қазақстаннан және шетелдерден мыңнан астам қатысушы жиналды.

Елордада БАҚ өкілдерінің басын қосқан Astana Media Week 2025 форумы өтті. Үш күн бойы қатысушылар журналистиканың болашағы, жасанды интеллект дәуіріндегі медиа, ұлттық контенттің дамуы тақырыптарын талқыланып, саладағы өзекті мәселелерді шешу жолын ұсынылды.

Биылғы форумға бұқаралық ақпарат құралдарының мыңнан аса өкілі қатысуда. Басым бөлігі қазақстандық телеарна, радио, газет-журналдар қызметкерлері. Сондай-ақ 65 спикер сөз сөйледі. Олардың арасында сала сарапшылары, тәуелсіз журналистер, Орталық Азия елдері мен Европа, Қытай және Әзербайжаннан келген әріптестеріміз бар.

2025 Astana Media Week медиа саласына қосқан үлесі үшін марапаттар тапсырумен аяқталды. Форум жаңа жобалар мен серіктестіктерді туғызып, қазақстандық БАҚ-тардың жаһандық бәсекеге дайын екенін дәлелдеген жаңашыл ойлардың нағыз мерекесіне айналды. Бұл іс-шара оны болашақ медианың қалыптасатын негізгі инновациялық алаңы ретіндегі мәртебесін бекітті.

“Qazcontent” АҚ түркітілдес ақпарат агенттіктері одағының (АТNA) төрағалығын қабылдады.

Қазақстанның астанасында Түркітілдес ақпарат агенттіктері одағының (АТNA) отырысы өтті. Оның нәтижесінде ұйымда келесі екі жылға төрағалық ету құқығы Түркиядан Қазақстанға өтті.

Одақты басқару өкілеттігі енді түркі әлемінің жетекші медиаресурстарын біріктіретін “Qazcontent” АҚ-на жүктелді.

Кездесу барысында делегация мүшелеріне Qazcontent компаниясының қызметі, мультимедиялық студиялары мен цифрлық контент өндірісі таныстырылды. Сондай-ақ, қонақтарға Қазақстанның медиа нарығының даму тенденциялары және мемлекеттік ақпараттық ресурстарды басқару бойынша тәжірибе ұсынылды.

«Qazcontent» АҚ төрағасы Айна Задабек өз кезегінде, төрағалықтың Қазақстанға өтуінің түркі мемлекеттері арасындағы медиааралық ынтымақтастықты дамытудағы еліміздің рөлін мойындаудың дәлелі екенін атап өтті.

“Бұл Qazcontent үшін үлкен марапат және серіктестердің сенімінің белгісі. Егер бұрын Одақ ұйымдастырушылық мәселелерге баса назар аударса, қазір біз мазмұнды жобаларға — тәжірибе, ақпарат және технологиялар алмасуына көшеміз. Ерекше назарды жасанды интеллект саласындағы жобаларды дамытуға аударамыз, олар түркітілдес БАҚ-тарды халықаралық аренада бәсекеге қабілетті етуге көмектеседі”, – деді ол.

«Qazcontent» ұжымы «Таза Қазақстан» акциясына қатысты

Республика бойынша өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына «Qazcontent» АҚ ұжымы да қатысып, жалпыұлтық іс-шараға қолдау көрсетті.

Айта кетейік, былтыр Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған акция бүгінде халықтық сипатқа ие болып отыр. Биыл жалпыұлттық іс-шара аясында республика аумағында 2,4 миллионға жуық көшет отырғызылған. Ауқымды акцияға ел бойынша 610 мыңнан астам адам атсалысып, бірлесе атқарылған жұмыстың нәтижесінде шамамен 90 мың гектар жер тазартылған.

«Qazcontent» АҚ журналисі Нұрлан Нұрыш акцияны қолдап, бұл бастаманың қоғамды біріктіруде әрі экологиялық мәдениетті дамытуда маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ азаматтарды жалпыұлттық іс-шараға белсене атсалысуға шақырды.

– «Бір тал кессең, он тал ек» деген сөз бар. Қазақстанның жері кең, бірақ елімізде орман алқабының үлесі 4 пайыздан сәл ғана асады. Ұлан-байтақ территориямызда орман мен тоғайдың үлесі көп болғаны жақсы. Сондықтан, бұл акцияға баршамыз атсалысуымыз керек. Биыл жалпыұлттық іс-шара аясында елімізде 2 миллионнан астам көшет отырғызылғаны айтылды. Ғажап көрсеткіш!, – деді Нұрлан Нұрыш.

Республика бойынша өткен акцияға «Qazcontent» АҚ ұжымының қызметкерлері белсене атсалысып, Астана қаласында 50 түп көшет отырғызды. Жалпы, «Qazcontent» ұжымы республикалық және қалалық деңгейде өтетін барлық экологиялық акциялар мен

сенбіліктерге тұрақты түрде қатысып келеді.

“Qazcontent” АҚ ұйымдастырған жасанды интеллектті (ЖИ) тиімді пайдалану тақырыбындағы тренинг өтті.

«Qazcontent» АҚ-да PR-мамандары мен журналистер үшін жасанды интеллект құралдарын пайдалану бойынша практикалық тренинг өткізілді.

Тренинг барысында қатысушылар ЖИ-нің көмегімен кәсіби міндеттерді шешуді үйренді: баспасөз релиздерін жазу, министрдің сөзін әзірлеу және оны әртүрлі тыңдаушыларға бейімдеу, фактілерді жинақтау және анықтамалық құжаттар құрастыру.

Тренингтің екінші бөлімінде мамандар генеративті нейросетьтермен танысты. PR-мамандар жасанды интеллекттің қолдауымен мультимедиялық контент (аудио, фото, бейне) жасауды тәжірибеде сынап көрді.

«Qazcontent» АҚ ақпараттық-коммуникациялық сала мамандарының цифрлық дағдыларын дамытуды жалғастырады. Компания болашақта да арнайы білім беру бағдарламалары арқылы жасанды интеллекттің кәсіби қызметтегі интеграциясы мен тиімді қолданылуын қолдауға бағытталған.

«Сөзмерген – 2025» қалалық шешендік өнер сайысы өтті

Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Сөзмерген – 2025» атты қалалық шешендік өнер сайысы өз мәресіне жетті.  Әр саладан келген 18-45 жас аралығындағы үміткерлер қатарында – журналистер, мектеп мұғалімдері, мәдени мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйым өкілдері сөзден маржан төгіп, ойын айшықты тілмен жеткізіп, сайыстың көрігін қыздырды.

Әділқазылар алқасы құрамында белгілі қаламгер, журналист-этнограф Бекен Қайратұлы, «Жайдарман» жобасының жетекшісі, “Құрмет” орденінің иегері Есен Елеукен, ақын, қоғам қайраткері, «Жастар» театры директорының орынбасары Мақпал Мыса,  ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті, Кітап ісі басқармасының сарапшысы Айбала Бекмұханбет,  Журналист, медиа-менеджер Мәди Манатбек сынды елге танымалы тұлғалар болды.

Төрт кезеңнен тұратын сөз өнер байқауының алғашқы кезеңі – «Мен, мен, мен едім…» тақырыбына қатысушылар жеребе арқылы таңдалып, реттік нөмірі бойынша өнер көрсетті. Әр қатысушыға ситуациялық тапсырма ретінде қоғамдағы бір дауды ұсынды да, қатысушы сол ситуациядан қалай шығып, дауды қалай шеше алатын сөз тапқыштығы сыналды. Кейбір қатысушылар тақырыпты түсінгенмен, сөз саптау барысында қойылған талаптардан ауытқып жатса, кейбір қатысушы алғашқы кезеңнің талабын түсінбестен, сөзі бір жақта, ойы бір жақта шашырап жатты.

Бірінші кезең қорытындысы бойынша қатысушы үміткердің үшеуі сүрініп, қалған үміткерлер келесі «Ділмар» атты екінші кезеңге өтті. Екінші кезең талабы бойынша қалған үміткерлер экрандағы ұяшықтан таңдаған тақырып негізінде сөз сөйлеп, ой-пікірін ортаға салып жатты. Уақыт қысқа, үш минуттық уақытқа ойын жинақтап, өзі таңдап алған тақырып бойынша сөзін дәйекті жеткізіп шығу шынында қатысушыларға оңайға соққан жоқ. Бұл кезеңнен де сүрінген қатысушылар үшінші кезеңнің  «Тобықтай түйін» атты сайысына қатыса алмады.

Үшінші кезеңде алдыңғы кезеңнен ең жоғары ұпай алған төрт қатысушы бақ сынап, «Әлеуметтік желідегі дауды бір ауыз сөзбен тоқ етерін айтып, түйінін шешу» – деген тақырып ұсынылды. Қатысушыларға: «Қазіргі аста-төк тойдың қоғамға тигізіп жатқан зардабы, минимализім тойды қалай жасаса болады» тақырыбында әлеуметтік желіге қандай пост жазар едіңіз деген талаппен бес минуттық уақыт берілді. Бұл кезеңнен сүрінбей өткен екі қатысушы ақтық кезең «Жиреншенің жолы» атты сөз сайысына түспестен, бір-біріне құрмет қылып, «үлкен алдында жас қарызы» деген қазақы қалыпты паш етті.

Байқауға қатысушыларды  қазылар алқасы ұпай арқылы бағалады. Қазылар шешімімен үздік деп танылған жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар мен арнайы диплом табысталады. Сөз сайыс қорытындысы бойынша бас жүлде – 300 000 теңгеге «Әдебиет порталының» қызметкері, ақын Ықылас Ожайұлы ие болса, бірінші орын – 200 000 теңге қаржылай сыйлыққа Жанболат Шәкім ие болды. Екінші орын әр қатысушы 100 000 теңгеден Қабиден Қуанышбай мен Бағлан Оразалыға бұйырса, үшінші орынды екі жеңімпаз – 75 000 теңгеден Ардаби Мәулет пен Бекзат Құлшар иеленді.  Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерген, қазақ тілінің шұрайын танытып, ой қуатының үстемдігін көрсеткен бұл сайыс осылайша өз мәресіне жетті.

Астанада журналистерге арналған ЖИ-ді тиімді пайдалану туралы тренинг өтті

“Qazcontent” АҚ ұйымдастырған журналистерге арналған жасанды интеллектті (ЖИ) тиімді пайдалану тақырыбындағы тренинг өтті. Іс-шараға әртүрлі БАҚ өкілдері, тәжірибелі тілшілер мен жас журналистер қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тренингтің мақсаты – ақпарат саласында жұмыс істейтін мамандарға ЖИ құралдарын тиімді қолдану арқылы жұмыс өнімділігін арттыруға, жаңа идеялар табуға және контент сапасын жақсартуға көмектесу. Бағдарлама екі сағатқа созылып, қатысушыларға теория мен практиканы үйлестірген жан-жақты тәжірибе берді.

Астанада журналистерге арналған ЖИ-ді тиімді пайдалану туралы тренинг өтті
Фото: Арман Мухатов

Сабақ барысында тренерлер ChatGPT және басқа да заманауи ЖИ модельдерінің мүмкіндіктерін көрсетті. Қатысушылар жаңалық мәтінін жедел дайындау, материалдарды рерайт жасау, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне аудару, репортаждар мен мақалаларға идея табу, сұхбатқа сапалы сұрақтар құрастыру, сценарий мен ресми құжаттар әзірлеу, сондай-ақ аудио және видео контент жасау тәсілдерін меңгерді.

Практикалық бөлімде қатысушылар шағын тапсырмалар орындап, бірден ЖИ құралдарының артықшылықтарын өз тәжірибесінде байқады. Әр тапсырма нақты журналистік жағдайларға негізделіп жасалды, бұл алынған білімді тікелей жұмыс процесінде қолдануға мүмкіндік берді.

Іс-шара соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Қатысушылар тренингтен алған әсерлерімен бөлісіп, мұндай іс-шаралардың жиі өтуін қолдайтындарын айтты.

Астанада журналистерге арналған ЖИ-ді тиімді пайдалану туралы тренинг өтті
Фото: Арман Мухатов

“Qazcontent” АҚ алдағы уақытта да ақпарат саласы мамандарына арналған білім беру бағдарламаларын жалғастырып, жасанды интеллектті кәсіби ортада кеңінен қолдануға ықпал етуді жоспарлап отыр.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от @qazcontent_official

“Qazcontent” АҚ журналистерге арналған тегін ЖИ тренингтерін өткізеді!

Ақпарат саласында жұмыс істейтіндер үшін жасанды интеллектті (ЖИ) тиімді пайдалану жолдарын үйренгіңіз келе ме? Онда осы тамыз айында өтетін тренингтерге қатысыңыз!

Тақырып: Ақпарат саласындағы ЖИ құралдары: практика мен мүмкіндіктер
Күндері: 8, 15 және 22 тамыз 2025 ж.
Басталу уақыты: 15:00
Ұзақтығы: 2 сағат
Өтетін орны: Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы, 30-үй, 4-қабат
Сертификат: барлық қатысушыларға беріледі
Қатысу: тегін
Тіркелу үшін сілтемеге өтіңіз

Тренинг барысында:
– ChatGPT және басқа ЖИ құралдарымен танысасыз
– Жаңалықтар жазу, аударма жасау, репортаж дайындау, сұхбатқа сұрақ құрастыру, креативті идеялар табу жолдарын үйренесіз
– Практикалық тапсырмалар арқылы машықтанасыз

Орныңызды алдын ала қамтамасыз етіңіз – орындар шектеулі!

Ермек Көшербаев Qazcontent ұжымымен кездесті

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев “Qazcontent” медиакомпаниясына арнайы келіп, редакциялар ұжымымен мазмұнды кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сонымен қатар, ол компанияның күнделікті жұмысымен танысты.

Вице-премьер журналистермен, редакторлармен пікір алмасып, жаңа жұмыс кеңістігін аралап көрді. Мұнда біріктірілген ньюсрум, мультимедиялық студиялар, дыбыс жазу студиясы мен баспасөз орталығы жұмыс істейді. Ермек Көшербаев мемлекеттік ақпараттық саясатты қазіргі заманға сай, қолжетімді форматта ұсынудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, қарқынды өзгеріп жатқан цифрлық ортада жұмыс тәсілдерін үнемі жаңартып отыру қажеттігін еске салды.

Жылы әрі іскерлік атмосферада редакциялық жұмысты ұйымдастыру, ақпараттық күн тәртібіндегі жаңа трендтер, мемлекеттік медианың цифрлық платформаларын дамыту мәселелері талқыланды. Әсіресе, контент дайындау мен таратуда жасанды интеллект құралдарын қолдану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Үкімет басшысының орынбасары әлеуметтік-экономикалық блокты, білім беру, денсаулық сақтау және өңірлік даму салаларын объективті түрде жариялаудың маңызын атап көрсетті.

“Qazcontent” АҚ басқарма төрайымы Айна Задабек компанияның қызметі жөнінде баяндап, мемлекеттік ақпараттық саясатты қолдауға, ұлттық құндылықтарды ілгерілетуге, мәдени-ағартушылық және креативті контентті дамытуға бағытталған медиа жобаларға тоқталды.

Кездесу соңында Ермек Көшербаев “Qazcontent” ұжымының әлеуетіне жоғары баға беріп, алдағы кәсіби табыстар, тың идеялар мен жаңа жобаларды жүзеге асыруда шабыт тіледі.

Бүгінде “Qazcontent” құрамына бес іргелі ақпараттық және тақырыптық редакция кіреді: BAQ.KZ ақпарат агенттігі, жастарға арналған танымдық El.kz порталы, әдеби портал Adebiportal.kz, тарихи-ағартушылық бағыттағы E-history.kz порталы және ҚР Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы.