Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар, жеке тұлғалар – әлеуетті өнім берушілер үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша хабарландыру

  • Тапсырыс берушінің атауы және орналасқан жері: «Qazcontent» АҚ, Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, 30;
  • Қызметтің атауы: «BAQ.KZ» ақпарат агенттігі (қазақша нұсқа) үшін мультимедиалық контентті өндіру және сатып алу қызметі;
  • Сатып алуды (қызмет көрсетуді) жүзеге асыру мерзімі мен орны: келісімшарт жасалған күннен бастап 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін;
  • Баға ұсынысына қойылатын талаптар: Баға ұсынысы тіркелген күні мен нөмірін, ұйымның қолы мен мөрін, қызмет көрсеткені үшін ұсынылатын соманың мөлшерін, сондай-ақ салықтарға, алымдарға арналған шығысты және қызмет көрсету шарттарында көзделген өзге де шығындарды қамтуы тиіс.
  • Қоғамның корпоративтік почтасының мекенжайы: offer@qcontent.kz;
  • Әлеуетті өнім берушілердің сатып алуға қатысу үшін өтінімдері мен ілеспе құжаттарын ұсынудың соңғы мерзімі: 2026 жылғы 7 қыркүйек сағат 18:00-ге дейін;
  • Сатып алуға қатысу үшін жіберілген өтінімдерді қарау күні мен уақыты: 2026 жылғы 11 қыркүйек сағат 15:00;
  • Өткізілетін сатып алудың мәні болып табылатын қызметтерді сатып алуға бөлінген сома туралы мәліметтер: ҚҚС-сыз 13 928 569,2 теңге.

 

Қосымша:

1) әлеуетті өнім берушілердің толтыруы үшін өтінім нысаны * (жүктеу, өтінімді толтыру);

2) әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары *;

3) бекітілген техникалық ерекшелік *;

4) шарттың үлгілік нысаны.

* – сұратылған пакетті және растайтын құжаттарды сканерленген нұсқада көрсетілген корпоративтік пошта мекенжайына жіберілуі тиіс

«QAZCONTENT» АҚ Басқарма төрағасының орынбасарлары тағайындалды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мұқажан Әлішер Қуатұлы «QAZCONTENT» АҚ ұжымына Басқарма төрағасының жаңа орынбасарлары – Мамырбек Рахымжан Бауржанұлы мен Каримова Мөлдір Чингисқызын таныстырды. Комитет төрағасы жаңадан тағайындалған орынбасарларына алдағы қызметтеріне табыс тілей отырып, ұжымның атқарған жұмысына оң баға берді.

Мамырбек Рахымжан Бауржанұлы бұған дейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінде бірқатар маңызды бағыттар бойынша қызмет атқарған. Соңғы жылдары министрліктің Мемлекеттік ақпараттық саясатты талдау басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Жаңа қызметінде Рахымжан Бауржанұлы «QAZCONTENT» АҚ-ның қаржы, құқықтық және кадрлық бағыттарына жетекшілік ететін болады.

Каримова Мөлдір Чингисқызы– медиа саласында тәжірибесі мол медиаменеджер. Ол республикалық деңгейдегі бірқатар ірі медиа жобаларды басқарған. Жаңа қызметінде Мөлдір Чингисқызы компанияның өндірістік жұмыс бағытына жетекшілік етеді.

Жаңа басшылық құрам «QAZCONTENT» АҚ-ның стратегиялық міндеттерін іске асыруға және медиасаладағы жобалардың тиімділігін арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастырады.

QAZCONTENT Мумбайда өткен BRICS WAVES Bazaar форумына қатысты

Мумбай қаласында кино, телевидение және цифрлық контент индустриясының ірі өкілдерін біріктірген BRICS WAVES Bazaar 2026 халықаралық форумы өтті. Ауқымды шараға әлемнің әр түкпірінен 900-ден астам шығармашылық индустрия өкілі қатысып, кино мен телевидение, OTT платформалары, анимация мен VFX, ойын индустриясы, музыка, цифрлық контент, жасанды интеллект, технология және инвестиция бағыттарын талқылады.

Қазақстан атынан форумға «QAZCONTENT» АҚ, «Хабар» және «Астана» телеарналарының өкілдері, сондай-ақ продюсерлер, режиссерлер мен БАҚ мамандарынан құралған 10 делегат қатысты. Қазақстандық делегация үшін форум Үндістанның және халықаралық нарықтың жетекші ойыншыларымен тікелей байланыс орнатып, отандық контенттің әлеуетін таныстыруға мүмкіндік берді.

Qazcontent үшін BRICS WAVES Bazaar халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және қазақстандық контентті жаңа нарықтарға шығаруға бағытталған маңызды алаң болды. Форум аясында компания өкілдері шетелдік медиа ұйымдармен, контент өндірушілермен және индустрия мамандарымен кездесіп, тәжірибе алмасып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Іс-шараны Үндістанның Ақпарат және хабар тарату министрлігіне қарасты Ұлттық киноны дамыту корпорациясы (NFDC) ұйымдастырды. Форум бағдарламасына бастапқыда 500-ден астам делегат қатысады деп жоспарланғанымен, нәтижесінде оған 900-ден астам шығармашылық индустрия өкілі жиналды. Олардың қатарында продюсерлер мен режиссерлер, киностудиялар мен телеарналардың өкілдері, OTT платформалары, инвесторлар, технологиялық компаниялар мен стартаптар, мемлекеттік мекемелер және кино комиссиялары болды.

BRICS WAVES Bazaar аясында 275-тен астам іскерлік кездесу ұйымдастырылды. Бұл кездесулер барысында продюсерлер инвесторлармен, режиссерлер продюсерлермен, ал контент иелері дистрибьюторлармен келіссөздер жүргізді.

Үндістанның 1,5 миллиардқа жуық халқы бар алып ішкі нарығы форумның басты ерекшеліктерінің бірі болды. Осы тұрғыдан алғанда, шара қазақстандық компаниялар үшін үнді нарығындағы контент өндірісі мен дистрибуциясының ерекшеліктерін зерделеп қана қоймай, Қазақстанның шығармашылық индустриясы мен отандық медиаконтентін халықаралық аудиторияға таныстыруға жол ашады.

QAZCONTENT-тің BRICS WAVES Bazaar-ға қатысуы Қазақстанның медиа индустриясын халықаралық кеңістікке шығаруға, шетелдік әріптестермен байланыстарды нығайтуға және отандық контенттің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.