«Qazcontent» АҚ қызметкерлері «Таза Қазақстан – Таза Астана» байқауында жеңімпаз атанды

«Астана Тазалық» ЖШС ұйымдастырған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен блогерлерге арналған «Таза Қазақстан – Таза Астана» шығармашылық байқауында «Qazcontent» АҚ құрамындағы BAQ.KZ ақпарат агенттігінің қызметкерлері жүлделі орындарға ие болды.

Байқау қорытындысы бойынша BAQ.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі Аида Батухан «Әлеуметтік желідегі үздік жарияланым» номинациясында І орын иеленді. Ал BAQ.KZ ақпарат агенттігінің шығарушы редакторы Айым Сәдуақасова «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» номинациясында ІІ орынға лайық деп танылды.

Сондай-ақ Креативті контент дирекциясы әзірлеген деректі фильм байқауда үздік жұмыс ретінде бағаланып, арнайы марапатқа ие болды.

Аталған байқау бұқаралық ақпарат құралдары мен цифрлық платформаларда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғау мен тазалық құндылықтарын кеңінен насихаттауға бағытталған үздік журналистік және шығармашылық жұмыстарды анықтауды мақсат етті.

Qazcontent операторы Президент атынан пәтер алды

Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан бұқаралық ақпарат құралдарының бір топ қызметкеріне баспана берілді.

«Dara» Президенттік бастамалар қорының ұйымдастыруымен өткен іс-шарада Президент кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров медиа мамандарын мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысының тапсырмасымен БАҚ қызметкерлеріне пәтер беру бастамасы биыл төртінші жыл қатарынан жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

“Бұл игі жобаның биылғы ерекшелігі – пәтерлер Астанада ғана емес, Алматыда, сонымен қатар еліміздің барлық облысында да берілетін болды. Мұндағы мақсат – өңірлік журналистиканы дамыту және әріптестерді әлеуметтік тұрғыда қолдау. Мереке қарсаңында облыстық ақпарат құралдарының қызметкерлері,  сондай-ақ республикалық БАҚ-тардың жергілікті тілшілері қоныс тойын тойлағалы жатыр. Тіпті орталықтан шалғай елді мекендер де назардан тыс қалған жоқ. Мысалы, бұл жолы Қостанай облысының Арқалық қаласында және Түркістан облысының Созақ ауданында тұратын әріптестеріміз үйлі болмақ”, – деді Айбек Смадияров.

Биыл БАҚ қызметкерлеріне 66 пәтер беріледі. Оның ішінде Астана қаласында – 15, Алматы қаласында – 15, қалған 18 аймақта 2 пәтерден бөлінді.

Айта кетейік, Президент атынан пәтер кілтіне ие болған БАҚ өкілдерінің бірі «Qazcontent» АҚ қызметкері, PrimeMinister.kz ақпарат агенттігінің аға операторы – Бағлан Бегайдаров.

Ол телевизия саласында және мемлекеттік медиада 13 жылдық тәжірибесі бар оператор-қоюшы әрі видеограф.

Қазіргі уақытта «Qazcontent» АҚ-да аға оператор қызметін атқарады. Ол Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің жұмыс сапарларын, кездесулері мен кеңестерін, Үкімет отырыстарын, сұхбаттарды және PrimeMinister.kz порталына арналған бейнематериалдарды түсірумен айналысады.

Еңбек жолында Atameken Business, Gold Cinema Group және Zmedia компанияларында қызмет атқарған. Кәсіби еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің Алғыс хаттарымен, сондай-ақ телевизия саласындағы бірқатар кәсіби марапаттармен марапатталған.

Баспанаға үміткерлерді анықтау, пәтерлерді даярлау жұмыстарын «Dara» Президенттік бастамаларды қолдау қоры, Президенттің Іс басқармасы, жергілікті атқарушы органдар мен БАҚ редакциялары бірлесе жүргізді.

Атап өтерлік жайт, өткен үш жылда Президент атынан БАҚ саласының 200 қызметкеріне баспана берілді.

Сондай-ақ бүгін Алматыда Мемлекет басшысының атынан отандық БАҚ қызметкерлері марапатталды. Салтанатты іс-шара барысында отандық журналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін медиа саласының қызметкерлеріне «Парасат», «Құрмет» ордендері, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің алғысы табысталды.

ҚР Президенті БАҚ қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырды

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградаларды тапсырудың салтанатты рәсімін өткізді.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы жиналғандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел өміріндегі жоғары миссиясын атап өтті. Президент журналистердің ел үшін тағдырлы жаңа Конституцияны қабылдау үдерісіндегі ерекше рөлін айрықша атап, оларға объективті жарияланымдары мен белсенді азаматтық ұстанымдары үшін алғыс білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық БАҚ әділдікпен халықтың дауысы әрі қоғамның айнасы деп аталуға лайық екенін жеткізді. Оның айтуынша, отандық журналистердің еңбегінің арқасында ғана қазақстандықтар мен бүкіл әлем қауымы елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістердің мәні жайлы нақты ақпарат алады.

Президенттік грантқа Baq.kz ақпараттық порталының тілшісі Олжас Адай ие болды. Ол отандық журналистиканы дамытуға қосқан елеулі үлесі мен жоғары кәсібилігі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы грантына ие болды.

Рәсім ардагерлер мен медиа саласының жас өкілдерін біріктірген салтанатты түрде өтті. Президент БАҚ қызметкерлеріне шығармашылық табыс, жаңа кәсіби жетістіктер және таңдаған ісіне адалдық тілегін жолдады.

Астанада БАҚ өкілдері арасында «QAZCONTENT OPEN 2026» шахмат турнирі өтті

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында, 2026 жылғы 20 маусымда к «Spaces» коворкинг кеңістігінде «QAZCONTENT OPEN 2026» шахмат турнирі ұйымдастырылды. Турнир Қазақстан шахмат федерациясы мен «Qazcontent» АҚ бастамасымен өткізіліп, «Zhanykulov Foundation» жеке қорының қолдауына ие болды.

Жарысқа қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының 40-тан астам өкілі қатысты. Олардың қатарында баспасөз, телеарна, радио және интернет-басылым журналистері, сондай-ақ блогерлер болды. Турнир 7 турдан тұратын швейцариялық жүйе бойынша өткізіліп, нәтижелерді есептеу үшін «Swiss-Manager» компьютерлік бағдарламасы қолданылды. Жартылай финалдық және финалдық кезеңдер нокаут жүйесі бойынша ұйымдастырылды.

Турнир жеңімпаздары:
1-орын —
Сағыныш Ансабаев, Қазмедиа орталығы
2-орын —
Салықбаев Нұрлан, «Qazaqstan» телеарнасы
3-орын — Төрешов Жанболат, Қазмедиа орталығы

Сонымен қатар әйелдер арасындағы «Ең үздік ойыншы» ретінде «Qazaqstan» телеарнасының редакторы Ляззат Тушкенова марапатталды.

«QAZCONTENT OPEN 2026»  турнирінің «Ең үздік БАҚ өкілі» номинациясын «El.kz» ақпараттық-танымдық порталынының бас редакторының орынбасары Рустем Омаров иеленді.

«Qazcontent» шахмат турнирі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырғанын атап өткім келеді. Турнир барысында ойыншылар өздерінің зияткерлік әлеуетін, табандылығы мен шеберлігін көрсетті. Осындай игі бастамалар ұжымдық бірлікті нығайтып, шахмат мәдениетінің дамуына серпін береді деп сенемін»- деп түйіндеді “Qazcontent” АҚ Басқарма төрағасы Әділ Сейфуллин.

Қатысушылар қатарында «Хабар», «Qazsport» телеарналарының, «Tengrinews.kz», «Elordainfo.kz», «Литер», «Egemen Qazaqstan» және еліміздің басқа да жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды. Турнир спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар кәсіби қарым-қатынас орнатуға, пікір алмасуға және достық атмосферада бас қосуға мүмкіндік берген зияткерлік алаңға айналды.

Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды. Қатысушылар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, ұйымдастырушыларға жылы қабылдау мен еркін қарым-қатынас жасауға мүмкіндік берген жайлы атмосфера үшін алғыстарын білдірді.

Турнир қорытындыларымен келесі сілтеме арқылы танысуға болады:

https://s3.chess-results.com/tnr1441428.aspx?lan=1&art=1&rd=7&SNode=S0

Астанада «QAZCONTENT OPEN 2026» шахмат турнирі өтеді

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Қазақстан шахмат федерациясы және «Qazcontent» АҚ  бірлесе отырып «QAZCONTENT OPEN 2026» шахмат турнирін ұйымдастырады.

Турнир 2026 жылдың 20 маусымында Астана қаласындағы Spaces коворкингінде (Самал шағын ауданы, 11) өтеді.

Қатысушыларды тіркеу сағат 09:00-де басталады.

QAZCONTENT OPEN 2026 турнирі швейцариялық жүйе бойынша 7 турдан тұратын блиц форматында өткізіледі. Жартылай финал – нокаут жүйесінде өтеді. Қатысуға теледидар, баспа, радио, интернет БАҚ қызметкерлері, сондай-ақ блогерлер мен инфлюенсерлер шақырылады.

Жеңімпаздарға дипломдар, бағалы сыйлықтар және жүлде қоры табысталады.

•  1-орын — 500 000 теңге
•  2-орын — 200 000 теңге
•  3-орын — 100 000 теңге

Барлық нәтиже халықаралық Chess-Results.com платформасында жарияланады.

Қатысу үшін келесі сілтеме арқылы тіркелу қажет:
https://arshat.kz/chess.html

Тіркеу 2026 жылғы 18 маусым күні сағат 18:00-де аяқталады.
Турнирге ФИДЕ блиц-рейтингі 2000-нан аспайтын, кәсіби шахматшы немесе жаттықтырушы болып табылмайтын тұлғалар ғана қатыса алады.

Құрметті БАҚ және медиа өкілдері, сіздерді турнирде асыға күтеміз!

Зияткерлік демалысты әріптестеріңізбен бірге өткізіңіз!

Әділ Сейфуллин «Qazcontent» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды

Әділ Сейфуллин 2017 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-ды «Журналистика» мамандығы бойынша бітірген. 2019 жылы әлеуметтік ғылымдар магистрі дәрежесін алды.

Еңбек жолын медиа және коммуникация саласында бастады. Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі. 2026 жылғы ақпаннан бастап Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі қызметін атқарды. «Хабар» агенттігі Басқарма төрағасының кеңесшісі, сондай-ақ «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде жобаларды дамыту департаментінің директорының орынбасары болып жұмыс істеді.

Кәсіби қызметі жолында журналистика, телевизия және цифрлық коммуникациялар саласында бірқатар табысты жобады жүзеге асырды.

ADEBIPORTAL.KZ цифрлық кітапханасы мен «Ұлт оқитын 100 кітап» жобасын көрмеде таныстырды

Елордада өткен OQY BOOK FEST фестивалі қаланың әдеби өміріндегі ең жарқын мәдени шаралардың бірі ретінде өз мәресіне жетті. Биыл ұйымдастырушылар дәстүрлі кітап жәрмеңкесінен бөлек, интерактивті форматқа ерекше назар аударды. Соның арқасында кітап мәдениеті авторлар мен оқырмандар арасындағы ашық диалогқа, кітап алмасуға және цифрлық әдеби жобаларды таныстыруға ұласты.

Фестивальдің ең көп қызығушылық тудырған аймақтарының бірі- буккроссинг алаңы болды. Мұнда әрбір қонақ өзімен бірге әкелген кітабын басқа кітапқа тегін айырбастай алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара барысында жүздеген кітап оқырманнан оқырманға өтіп, ерекше «тірі кітап тізбегін» қалыптастырды.

Келушілер үшін маңызды жаңалықтардың бірі ADEBIPORTAL.KZ цифрлық платформасының таныстырылымы болды. Бұл онлайн кітапханада қазақ әдебиетінің мыңдаған электронды және аудиокітаптары жинақталған. Қонақтар шығармаларды оқып қана қоймай, қазақ тіліндегі аудионұсқаларды тыңдап, заманауи авторлардың сұхбаттары мен жеке парақшаларымен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Фестиваль аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ұлт оқитын 100 кітап» жобасына арналған арнайы бөлім де жұмыс істеді. Аталған тізім жалпыұлттық сауалнама негізінде іріктелген туындылардан құралған. Жобаның негізгі мақсаты — қоғамда кітап оқу мәдениетін дамыту және ұлттық әдеби мұраны кеңінен насихаттау.

Шараның түрлі алаңдарында фэнтези, ғылыми фантастика, заманауи проза және жасөспірімдер әдебиеті бағытында қалам тербеп жүрген авторлар оқырмандармен кездесті. Олардың қатарында Вилл Нокс, Дана Найдер, Артем Уразимбетов, Мая Сара және өзге де жазушылар болды. Қаламгерлер жаңа туындыларын таныстырып, шығармашылық жолдары туралы әңгімелеп, оқырмандар қойған сұрақтарға жауап берді.

«Qazcontent» астаналық оқушыларды медиасаладағы мамандықтармен таныстырды

Кездесу барысында оқушылар заманауи медиаиндустрияның ерекшеліктерімен танысып, журналистика, SMM, digital-контент жасау, мобилография және PR туралы пайдалы ақпарат алды. Медиадағы жасанды интеллекттің рөліне ерекше назар аударылды: мәтіндерді нейрожелі арқылы генерациялауға, суреттерді өңдеуге, аудиторияны талдауға және күнделікті тапсырмаларды автоматтандыруға қалай көмектесетіні түсіндірілді. Согынмен қатар, қатысушылар медиадағы жұмыс ерекшелігі, қазіргі трендтер және ЖИ технологияларын интеграциялау аясында саланың даму келешегі туралы мамандардан практикалық кеңестер естіді.

Мастер-класс интерактивті форматта өтті: оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, контент жасау процесімен жақынырақ таныса алды.

Qazcontent

Іс-шараның басты мақсаты – жастардың медиасауаттылығын арттыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту және болашақ мамандардың кәсіби бағдарына көмектесу.

«Qazcontent» қызметкері креативті индустрияның жаңа мүмкіндіктері жайлы баяндама жасады

IV PR Room Creative Industries Forum медиа PR, кино, музыка индустриясы, digital және креативті бизнес өкілдерін креативті экономиканың инвестициялық әлеуеті мен өзекті трендтерін талқылау үшін бір алаңға жинады. Форум аясында қатысушылар стриминг платформаларының дамуы, YouTube пен TikTok-тың медиа нарыққа әсері, музыка индустриясының трансформациясы, заманауи PR құралдары және контентті монетизациялаудың жаңа мүмкіндіктері туралы пікір алмасты.

Іс-шара барысында креативті индустрияларды заманауи экономиканың негізгі драйверлерінің бірі ретінде дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сарапшылар digital-контентке, музыкалық продакшнға, киноиндустрияға және жаңа медиаға инвесторлардың қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті.

Qazcontent

Форумға «Qazcontent» креативті дирекциясының жетекшісі Нұрлан Нұрыш қатысты. Ол өз сөзінде креативті нарықты дамыту, сапалы визуалды әрі мағыналық контенттің маңызы туралы ой бөлісіп, цифрлық платформалар дәуірінде брендтер мен жобаларды ілгерілетудің жаңа тәсілдері жөнінде айтты.

Нұрлан Нұрыштың айтуынша, бүгінгі таңда креативті индустриялар мәдени ықпал етудің құралы ғана емес, сонымен қатар инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қабілетті экономиканың толыққанды секторына айналып отыр.

«Qazcontent» журналистері спартакиадада топ жарды

«Qazcontent» ұжымының қызметкерлері Астана қаласында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты бағынысты ұйымдар арасында өткен спартакиадаға белсенді қатысты.

Біздің қызметкерлер шахмат, волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, баскетбол және қазақ күресі секілді жарыстарда бақ сынап, жоғары белсенділік танытты.

Атап айтқанда, El.kz порталы бас редакторының орынбасары Рүстем Омаров шахматтан ерлер арасында І орын иеленді. Сондай-ақ, Baq.kz тілшісі Гүлжан Раманқұлова да тамаша өнер көрсетті. Ал командалық есепте ұжымымыз ІІ орынға тұрақтады. Сонымен қатар, тоғызқұмалақ бойынша Креативті контент дирекциясының сценарист-редакторы Томирис Қазыбекова жүлделі ІІІ орынға ие болса, командалық есепте командамыз ІІ орынды қанжығасына байлады.