QAZCONTENT тілшісі «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауының жеңімпазы атанды

QAZCONTENT медиакомпаниясына қарасты El.kz порталының тілшісі Ажар Лаубаева мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге және қазақ тіліндегі сапалы медиаконтентті дамытуға бағытталған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауында жеңімпаз атанды.

Байқау қазақ тілінің мәртебесін арттыру, мемлекеттік тілде кәсіби журналистік материалдар әзірлейтін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін ынталандыру және үздік медиажобаларды насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Биылғы байқауға республиканың түкпір-түкпірінен журналистер қатысып, мемлекеттік тіл тақырыбын түрлі жанрда көтерген материалдарын ұсынды. Қатысушылардың жұмыстары мазмұны, өзектілігі, тілдік сапасы және журналистік шеберлігі тұрғысынан бағаланды.

El.kz тілшісінің байқауда жеңімпаз атануы – редакция ұжымының мемлекеттік тілдегі сапалы контент әзірлеуге және қазақтілді аудиторияға өзекті ақпарат ұсынуға бағытталған жұмысының нәтижесі.

Журналистика саласында мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту – ақпарат құралдарының маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта El.kz редакциясы қоғамдық маңызы бар тақырыптарды қазақ тілінде жедел әрі сапалы жариялап, отандық медиакеңістіктің дамуына үлес қосып келеді.

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауындағы жеңіс El.kz ұжымының мемлекеттік тілдегі журналистиканы дамытуға деген ұстанымын айқындай түседі.

QAZCONTENT қызметкері Махат Садыққа «Қазақстан Республикасының Парламентіне 30 жыл» мерейтойлық медалі табысталды

Аталған мерейтойлық медаль қазақстандық парламентаризмнің, заңнамалық жүйенің және мемлекеттік институттардың қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға табысталады.

Махат Садық – отандық журналистика саласында көп жылдық тәжірибесі бар маман. Ол ұзақ жылдар бойы республикалық телеарналарда еңбек етіп, түрлі басшылық қызметтер атқарған. Сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметін басқарған.

Кәсіби жолында ол мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланысты нығайтуға, маңызды қоғамдық-саяси ақпаратты халыққа сапалы жеткізуге өз үлесін қосты.

 

Қазіргі таңда Махат Садық QAZCONTENT ұжымының дамуына белсенді атсалысып, жас журналистерге бағыт-бағдар беріп, өзінің мол тәжірибесімен бөлісіп келеді. Сонымен қатар түрлі бағдарламаларды жүргізіп, отандық медианың дамуына өз үлесін қосуда.

Бұл марапат – оның журналистика мен медиа саласындағы көп жылғы еңбегіне берілген жоғары баға.

«QAZCONTENT» АҚ Басқарма төрағасының орынбасарлары тағайындалды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мұқажан Әлішер Қуатұлы «QAZCONTENT» АҚ ұжымына Басқарма төрағасының жаңа орынбасарлары – Мамырбек Рахымжан Бауржанұлы мен Каримова Мөлдір Чингисқызын таныстырды. Комитет төрағасы жаңадан тағайындалған орынбасарларына алдағы қызметтеріне табыс тілей отырып, ұжымның атқарған жұмысына оң баға берді.

Мамырбек Рахымжан Бауржанұлы бұған дейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінде бірқатар маңызды бағыттар бойынша қызмет атқарған. Соңғы жылдары министрліктің Мемлекеттік ақпараттық саясатты талдау басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Жаңа қызметінде Рахымжан Бауржанұлы «QAZCONTENT» АҚ-ның қаржы, құқықтық және кадрлық бағыттарына жетекшілік ететін болады.

Каримова Мөлдір Чингисқызы– медиа саласында тәжірибесі мол медиаменеджер. Ол республикалық деңгейдегі бірқатар ірі медиа жобаларды басқарған. Жаңа қызметінде Мөлдір Чингисқызы компанияның өндірістік жұмыс бағытына жетекшілік етеді.

Жаңа басшылық құрам «QAZCONTENT» АҚ-ның стратегиялық міндеттерін іске асыруға және медиасаладағы жобалардың тиімділігін арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастырады.

QAZCONTENT Мумбайда өткен BRICS WAVES Bazaar форумына қатысты

Мумбай қаласында кино, телевидение және цифрлық контент индустриясының ірі өкілдерін біріктірген BRICS WAVES Bazaar 2026 халықаралық форумы өтті. Ауқымды шараға әлемнің әр түкпірінен 900-ден астам шығармашылық индустрия өкілі қатысып, кино мен телевидение, OTT платформалары, анимация мен VFX, ойын индустриясы, музыка, цифрлық контент, жасанды интеллект, технология және инвестиция бағыттарын талқылады.

Қазақстан атынан форумға «QAZCONTENT» АҚ, «Хабар» және «Астана» телеарналарының өкілдері, сондай-ақ продюсерлер, режиссерлер мен БАҚ мамандарынан құралған 10 делегат қатысты. Қазақстандық делегация үшін форум Үндістанның және халықаралық нарықтың жетекші ойыншыларымен тікелей байланыс орнатып, отандық контенттің әлеуетін таныстыруға мүмкіндік берді.

Qazcontent үшін BRICS WAVES Bazaar халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және қазақстандық контентті жаңа нарықтарға шығаруға бағытталған маңызды алаң болды. Форум аясында компания өкілдері шетелдік медиа ұйымдармен, контент өндірушілермен және индустрия мамандарымен кездесіп, тәжірибе алмасып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Іс-шараны Үндістанның Ақпарат және хабар тарату министрлігіне қарасты Ұлттық киноны дамыту корпорациясы (NFDC) ұйымдастырды. Форум бағдарламасына бастапқыда 500-ден астам делегат қатысады деп жоспарланғанымен, нәтижесінде оған 900-ден астам шығармашылық индустрия өкілі жиналды. Олардың қатарында продюсерлер мен режиссерлер, киностудиялар мен телеарналардың өкілдері, OTT платформалары, инвесторлар, технологиялық компаниялар мен стартаптар, мемлекеттік мекемелер және кино комиссиялары болды.

BRICS WAVES Bazaar аясында 275-тен астам іскерлік кездесу ұйымдастырылды. Бұл кездесулер барысында продюсерлер инвесторлармен, режиссерлер продюсерлермен, ал контент иелері дистрибьюторлармен келіссөздер жүргізді.

Үндістанның 1,5 миллиардқа жуық халқы бар алып ішкі нарығы форумның басты ерекшеліктерінің бірі болды. Осы тұрғыдан алғанда, шара қазақстандық компаниялар үшін үнді нарығындағы контент өндірісі мен дистрибуциясының ерекшеліктерін зерделеп қана қоймай, Қазақстанның шығармашылық индустриясы мен отандық медиаконтентін халықаралық аудиторияға таныстыруға жол ашады.

QAZCONTENT-тің BRICS WAVES Bazaar-ға қатысуы Қазақстанның медиа индустриясын халықаралық кеңістікке шығаруға, шетелдік әріптестермен байланыстарды нығайтуға және отандық контенттің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.

QAZCONTENT PARYZ BRIDGE зерттеуі бойынша «Ақпарат және байланыс» саласындағы үздік үштіктен орын алды

QAZCONTENT компаниясы жұмыс берушілердің әлеуметтік тұрақтылығын бағалайтын PARYZ BRIDGE ауқымды зерттеуінің қорытындысы бойынша «Ақпарат және байланыс» саласында 3-орынға ие болды.

Еліміздегі ең ірі зерттеулердің бірі саналатын PARYZ BRIDGE жобасы аясында Қазақстан бойынша 117 компания мен 150 мыңнан астам қызметкер қамтылды.

Әлеуметтік тұрақтылық индексі төрт тәуелсіз дереккөз негізінде қалыптастырылды: халық арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама, қызметкерлердің пікірі, HR-процестердің жетілу деңгейін бағалау және HR көрсеткіштерін объективті талдау.

Зерттеу нәтижесі бойынша «Ақпарат және байланыс» саласы жоғары тиімділікті көрсетті. Саладағы еңбек өнімділігі бір қызметкерге шаққанда 94,1 млн теңгені құраса, HR-процестердің жетілу деңгейі 77,2%-ға бағаланған. Бұл салада бизнес пен адами капиталды басқару жүйесінің тиімді қалыптасқанын айғақтайды.

QAZCONTENT үшін бұл нәтиже – қызметкерлерге қолайлы жұмыс ортасын қалыптастыру, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау және еңбекке деген құрмет мәдениетін нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстың жемісі.

QAZCONTENT қызметкері БАҚ-тағы өзекті тенденциялар жайлы лекция оқыды

«Jastar Research Hub» жас сарапшылар акселераторы аясында «QAZCONTENT» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі Мөлдір Шыңғысқызы Кәрімова қатысушылармен кездесіп, «QAZCONTENT» қызметі, әлемдік медиа трендтер және еліміздің цифрлық медиасының даму бағыттары туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, отандық медиакеңістікті дамытудағы жаңа бастамалар мен цифрлық трансформацияның негізгі үрдістеріне тоқталды.

«Qazcontent» АҚ қызметкерлері «Таза Қазақстан – Таза Астана» байқауында жеңімпаз атанды

«Астана Тазалық» ЖШС ұйымдастырған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен блогерлерге арналған «Таза Қазақстан – Таза Астана» шығармашылық байқауында «Qazcontent» АҚ құрамындағы BAQ.KZ ақпарат агенттігінің қызметкерлері жүлделі орындарға ие болды.

Байқау қорытындысы бойынша BAQ.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі Аида Батухан «Әлеуметтік желідегі үздік жарияланым» номинациясында І орын иеленді. Ал BAQ.KZ ақпарат агенттігінің шығарушы редакторы Айым Сәдуақасова «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» номинациясында ІІ орынға лайық деп танылды.

Сондай-ақ Креативті контент дирекциясы әзірлеген деректі фильм байқауда үздік жұмыс ретінде бағаланып, арнайы марапатқа ие болды.

Аталған байқау бұқаралық ақпарат құралдары мен цифрлық платформаларда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғау мен тазалық құндылықтарын кеңінен насихаттауға бағытталған үздік журналистік және шығармашылық жұмыстарды анықтауды мақсат етті.

Qazcontent операторы Президент атынан пәтер алды

Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан бұқаралық ақпарат құралдарының бір топ қызметкеріне баспана берілді.

«Dara» Президенттік бастамалар қорының ұйымдастыруымен өткен іс-шарада Президент кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров медиа мамандарын мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысының тапсырмасымен БАҚ қызметкерлеріне пәтер беру бастамасы биыл төртінші жыл қатарынан жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

“Бұл игі жобаның биылғы ерекшелігі – пәтерлер Астанада ғана емес, Алматыда, сонымен қатар еліміздің барлық облысында да берілетін болды. Мұндағы мақсат – өңірлік журналистиканы дамыту және әріптестерді әлеуметтік тұрғыда қолдау. Мереке қарсаңында облыстық ақпарат құралдарының қызметкерлері,  сондай-ақ республикалық БАҚ-тардың жергілікті тілшілері қоныс тойын тойлағалы жатыр. Тіпті орталықтан шалғай елді мекендер де назардан тыс қалған жоқ. Мысалы, бұл жолы Қостанай облысының Арқалық қаласында және Түркістан облысының Созақ ауданында тұратын әріптестеріміз үйлі болмақ”, – деді Айбек Смадияров.

Биыл БАҚ қызметкерлеріне 66 пәтер беріледі. Оның ішінде Астана қаласында – 15, Алматы қаласында – 15, қалған 18 аймақта 2 пәтерден бөлінді.

Айта кетейік, Президент атынан пәтер кілтіне ие болған БАҚ өкілдерінің бірі «Qazcontent» АҚ қызметкері, PrimeMinister.kz ақпарат агенттігінің аға операторы – Бағлан Бегайдаров.

Ол телевизия саласында және мемлекеттік медиада 13 жылдық тәжірибесі бар оператор-қоюшы әрі видеограф.

Қазіргі уақытта «Qazcontent» АҚ-да аға оператор қызметін атқарады. Ол Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің жұмыс сапарларын, кездесулері мен кеңестерін, Үкімет отырыстарын, сұхбаттарды және PrimeMinister.kz порталына арналған бейнематериалдарды түсірумен айналысады.

Еңбек жолында Atameken Business, Gold Cinema Group және Zmedia компанияларында қызмет атқарған. Кәсіби еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің Алғыс хаттарымен, сондай-ақ телевизия саласындағы бірқатар кәсіби марапаттармен марапатталған.

Баспанаға үміткерлерді анықтау, пәтерлерді даярлау жұмыстарын «Dara» Президенттік бастамаларды қолдау қоры, Президенттің Іс басқармасы, жергілікті атқарушы органдар мен БАҚ редакциялары бірлесе жүргізді.

Атап өтерлік жайт, өткен үш жылда Президент атынан БАҚ саласының 200 қызметкеріне баспана берілді.

Сондай-ақ бүгін Алматыда Мемлекет басшысының атынан отандық БАҚ қызметкерлері марапатталды. Салтанатты іс-шара барысында отандық журналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін медиа саласының қызметкерлеріне «Парасат», «Құрмет» ордендері, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің алғысы табысталды.

ҚР Президенті БАҚ қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырды

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградаларды тапсырудың салтанатты рәсімін өткізді.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы жиналғандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел өміріндегі жоғары миссиясын атап өтті. Президент журналистердің ел үшін тағдырлы жаңа Конституцияны қабылдау үдерісіндегі ерекше рөлін айрықша атап, оларға объективті жарияланымдары мен белсенді азаматтық ұстанымдары үшін алғыс білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық БАҚ әділдікпен халықтың дауысы әрі қоғамның айнасы деп аталуға лайық екенін жеткізді. Оның айтуынша, отандық журналистердің еңбегінің арқасында ғана қазақстандықтар мен бүкіл әлем қауымы елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістердің мәні жайлы нақты ақпарат алады.

Президенттік грантқа Baq.kz ақпараттық порталының тілшісі Олжас Адай ие болды. Ол отандық журналистиканы дамытуға қосқан елеулі үлесі мен жоғары кәсібилігі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы грантына ие болды.

Рәсім ардагерлер мен медиа саласының жас өкілдерін біріктірген салтанатты түрде өтті. Президент БАҚ қызметкерлеріне шығармашылық табыс, жаңа кәсіби жетістіктер және таңдаған ісіне адалдық тілегін жолдады.

Астанада БАҚ өкілдері арасында «QAZCONTENT OPEN 2026» шахмат турнирі өтті

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында, 2026 жылғы 20 маусымда к «Spaces» коворкинг кеңістігінде «QAZCONTENT OPEN 2026» шахмат турнирі ұйымдастырылды. Турнир Қазақстан шахмат федерациясы мен «Qazcontent» АҚ бастамасымен өткізіліп, «Zhanykulov Foundation» жеке қорының қолдауына ие болды.

Жарысқа қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының 40-тан астам өкілі қатысты. Олардың қатарында баспасөз, телеарна, радио және интернет-басылым журналистері, сондай-ақ блогерлер болды. Турнир 7 турдан тұратын швейцариялық жүйе бойынша өткізіліп, нәтижелерді есептеу үшін «Swiss-Manager» компьютерлік бағдарламасы қолданылды. Жартылай финалдық және финалдық кезеңдер нокаут жүйесі бойынша ұйымдастырылды.

Турнир жеңімпаздары:
1-орын —
Сағыныш Ансабаев, Қазмедиа орталығы
2-орын —
Салықбаев Нұрлан, «Qazaqstan» телеарнасы
3-орын — Төрешов Жанболат, Қазмедиа орталығы

Сонымен қатар әйелдер арасындағы «Ең үздік ойыншы» ретінде «Qazaqstan» телеарнасының редакторы Ляззат Тушкенова марапатталды.

«QAZCONTENT OPEN 2026»  турнирінің «Ең үздік БАҚ өкілі» номинациясын «El.kz» ақпараттық-танымдық порталынының бас редакторының орынбасары Рустем Омаров иеленді.

«Qazcontent» шахмат турнирі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырғанын атап өткім келеді. Турнир барысында ойыншылар өздерінің зияткерлік әлеуетін, табандылығы мен шеберлігін көрсетті. Осындай игі бастамалар ұжымдық бірлікті нығайтып, шахмат мәдениетінің дамуына серпін береді деп сенемін»- деп түйіндеді “Qazcontent” АҚ Басқарма төрағасы Әділ Сейфуллин.

Қатысушылар қатарында «Хабар», «Qazsport» телеарналарының, «Tengrinews.kz», «Elordainfo.kz», «Литер», «Egemen Qazaqstan» және еліміздің басқа да жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды. Турнир спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар кәсіби қарым-қатынас орнатуға, пікір алмасуға және достық атмосферада бас қосуға мүмкіндік берген зияткерлік алаңға айналды.

Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды. Қатысушылар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, ұйымдастырушыларға жылы қабылдау мен еркін қарым-қатынас жасауға мүмкіндік берген жайлы атмосфера үшін алғыстарын білдірді.

Турнир қорытындыларымен келесі сілтеме арқылы танысуға болады:

https://s3.chess-results.com/tnr1441428.aspx?lan=1&art=1&rd=7&SNode=S0