15.05.2026

Qazcontent АҚ басқарма төрағасы Айна Задабек халықаралық Business Technology Expo 2026 форумына қатысты

Астанада халықаралық Business Technology Expo 2026 форумы өз жұмысын бастады. Форумның іскерлік бағдарламасы аясында қатысушылар бизнеске арналған жасанды интеллект, Data Science және Agentic AI, цифрлық трансформация, HR-tech, маркетинг және бизнес-процестерді автоматтандыру тақырыптарын талқылауда. Негізгі назар AI технологияларын басқару, қаржы, сату және операциялық қызметте қолдану, гибридті AI-архитектураларды дамыту, үлкен деректермен жұмыс, бұлтты жүйелер және маркетингтік жекелендіру мәселелеріне аударылған.

Айна Задабек өз баяндамасын қазіргі медиа кеңістіктегі ең өзекті мәселелердің бірі – фейк ақпараттың таралуы және ақпаратты тексерудегі жасанды интеллекттің рөліне арнады. Ол ақпараттың өте жылдам таралатын кезеңінде редакциялар үшін контенттің жеделдігімен қатар оның нақтылығы мен сенімділігі ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Оның айтуынша, бүгінде жасанды интеллект медиаиндустрия үшін маңызды құралға айналып отыр. Qazcontent компаниясында 2024 жылдан бастап контент жасау, фактчекинг, деректерді өңдеу және аудиториямен өзара байланыстың жаңа форматтарын дамыту бағытында AI-шешімдер енгізілуде.

Мысал ретінде E-History.kz порталы аталды. Онда жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы материалдар көлемін арттырып, шағын редакциялық құраммен ғана аудиторияның белсенділігін күшейтуге мүмкіндік берген.

Сондай-ақ, баяндама барысында фейк ақпаратпен күрес мәселесіне де ерекше назар аударылды. Басқарма төрағасы жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде ақпарат көздерін тексеру, деректердің шығу тегін талдау және олардың шынайылығын сыни тұрғыдан бағалау дағдылары аса маңызды болып қала беретінін атап өтті.