ADEBIPORTAL.KZ цифрлық кітапханасы мен «Ұлт оқитын 100 кітап» жобасын көрмеде таныстырды
Елордада өткен OQY BOOK FEST фестивалі қаланың әдеби өміріндегі ең жарқын мәдени шаралардың бірі ретінде өз мәресіне жетті. Биыл ұйымдастырушылар дәстүрлі кітап жәрмеңкесінен бөлек, интерактивті форматқа ерекше назар аударды. Соның арқасында кітап мәдениеті авторлар мен оқырмандар арасындағы ашық диалогқа, кітап алмасуға және цифрлық әдеби жобаларды таныстыруға ұласты.

Фестивальдің ең көп қызығушылық тудырған аймақтарының бірі- буккроссинг алаңы болды. Мұнда әрбір қонақ өзімен бірге әкелген кітабын басқа кітапқа тегін айырбастай алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара барысында жүздеген кітап оқырманнан оқырманға өтіп, ерекше «тірі кітап тізбегін» қалыптастырды.

Келушілер үшін маңызды жаңалықтардың бірі ADEBIPORTAL.KZ цифрлық платформасының таныстырылымы болды. Бұл онлайн кітапханада қазақ әдебиетінің мыңдаған электронды және аудиокітаптары жинақталған. Қонақтар шығармаларды оқып қана қоймай, қазақ тіліндегі аудионұсқаларды тыңдап, заманауи авторлардың сұхбаттары мен жеке парақшаларымен танысу мүмкіндігіне ие болды.


Фестиваль аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ұлт оқитын 100 кітап» жобасына арналған арнайы бөлім де жұмыс істеді. Аталған тізім жалпыұлттық сауалнама негізінде іріктелген туындылардан құралған. Жобаның негізгі мақсаты — қоғамда кітап оқу мәдениетін дамыту және ұлттық әдеби мұраны кеңінен насихаттау.

Шараның түрлі алаңдарында фэнтези, ғылыми фантастика, заманауи проза және жасөспірімдер әдебиеті бағытында қалам тербеп жүрген авторлар оқырмандармен кездесті. Олардың қатарында Вилл Нокс, Дана Найдер, Артем Уразимбетов, Мая Сара және өзге де жазушылар болды. Қаламгерлер жаңа туындыларын таныстырып, шығармашылық жолдары туралы әңгімелеп, оқырмандар қойған сұрақтарға жауап берді.