QAZCONTENT қызметкері «Тектілер ту көтереді» республикалық журналистер байқауының жеңімпазы атанды

«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Тектілер ту көтереді» республикалық журналистер байқауында «QAZCONTENT» АҚ құрамындағы BAQ.KZ ақпарат агенттігінің қызметкері жүлделі орынға ие болды.
Байқау қорытындысы бойынша BAQ.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі Мақпал Орынбек «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» номинациясында І орын иеленді.

Марапаттау рәсіміне «Сенімен Болашақ» Құрылтайшысы, идея авторы Нұркен Асанов, филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызы, Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, сондай-ақ қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері және жанашырлар қатысты.

Байқауға еліміздің барлық өңірлерінен 50-ге жуық баспа, интернет-басылым, радио және телеарна журналистері қатысып, ұлттық тәрбие, қоғамдық сана, ортақ жауапкершілік, рухани мұра және азаматтық ұстаным тақырыптарындағы шығармаларын ұсынды.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген қонақтар ұлттық рухты, азаматтық сананы және қоғамдық жауапкершілікті қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше екенін атап өтті. Олар журналистиканың қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күші екенін айтып, осы бағыттағы шығармашылық жұмыстарды қолдау алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.

QAZCONTENT басқарма төрағасы Илхам Әлиевке Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастығы туралы сұрақ қойды

Әзербайжан Президенті Илхам Әлиев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен жеке іс-қимылын екіжақты ынтымақтастық пен өңірлік жобаларды дамытудың маңызды факторы деп атады. Бұл туралы ол IV Шуша жаһандық медиафорумында «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Әділ Сейфуллиннің сұрағына жауап бере отырып мәлімдеді.

13-14 шілдеде Шуша қаласында «Бейбітшілікті ілгерілетудегі медианың миссиясы: шындықты қалпына келтіру және сенімді нығайту» тақырыбында IV Шуша жаһандық медиафорумы өтіп жатыр.

Форумға 54 мемлекеттен бұқаралық ақпарат құралдарының, сарапшылар қауымдастығының, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың 160-қа жуық өкілі қатысуда. Қатысушылар арасында 30-ға жуық халықаралық ақпараттық агенттік пен 60-тан астам жетекші медиақұрылымдардың өкілдері бар.

Әзербайжан Президенті Илхам Әлиевтің қатысуымен өткен пленарлық отырыс форумның орталық оқиғаларының біріне айналды. Халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне мемлекет басшысына сұрақ қою мүмкіндігі берілді.

Қазақстан атынан Әзербайжан Президентіне «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Әділ Сейфуллин сауал жолдады. Ол Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін, сондай-ақ екі елдің жаңа көліктік және экономикалық маршруттарды қалыптастырудағы рөлін атап өтті. Оның айтуынша, Орта дәліз ретінде белгілі Транскаспий халықаралық көлік маршруты Азия мен Еуропа арасындағы маңызды байланыстырушы буынға айналып үлгерді.

Әділ Сейфуллин Әзербайжан Президентінен Қазақстанмен стратегиялық серіктестікке, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастарды дамытуда Қасым-Жомарт Тоқаевпен жеке іс-қимылына қандай рөл бөлетінін сұрады.

Сұраққа жауап бере отырып, Илхам Әлиев ең алдымен Қазақстан Президенті мен қазақ халқына Қарабақты қалпына келтіруге көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты. Ол Физули қаласында Қазақстанның қолдауымен қазақ композиторы Құрманғазының құрметіне аталған Балалар шығармашылығы орталығы салынғанын еске салды. Нысан екі ел президенттерінің қатысуымен ашылған болатын.

Мен Президент Тоқаевқа Қарабақты қалпына келтіруге көмектескені үшін өте ризамын. Физулидегі Балалар шығармашылығы орталығы қазақ халқының ұлы перзенті Құрманғазының есімін иеленген. Қасым-Жомарт Кемелұлымен бірге біз бұл орталықты ашқан едік, – деді Илхам Әлиев.

Әзербайжан Президенті екі мемлекет басшылары арасындағы жеке қарым-қатынастар қазақ-әзербайжан серіктестігін нығайтуға ықпал ететінін баса айтты.

Президент Тоқаевпен біздің жеке қарым-қатынасымыз екіжақты ынтымақтастық пен өңірлік өзара іс-қимылды дамытудың маңызды факторы болып табылады, – деп атап өтті ол.

Илхам Әлиевтің айтуынша, Қазақстан мен Әзербайжанның ауқымды бірлескен күн тәртібі бар. Екі мемлекеттің Каспий теңізінің қарама-қарсы жағалауында орналасу географиялық жағдайы олардың көлік, логистика және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудағы негізгі рөлін айқындайды. Әзербайжан басшысы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы белсенді іс-қимылсыз Каспий өңіріндегі ірі көлік бастамаларын жүзеге асыру мүмкін емес екенін мәлімдеді.

Елдер Орта дәлізді дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Қазақстан мен Әзербайжан маршруттың өткізу қабілетін арттыруға және Азия мен Еуропа арасындағы жүктерді жеткізу мерзімін қысқартуға тырысып, порттық және көліктік инфрақұрылымды дәйекті түрде кеңейтіп келеді.

Бұдан бөлек, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия ынтымақтастығының төртжақты форматы жұмыс істейді. Оның аясында тараптар тарифтік саясатты, көлік процестерін цифрландыруды, кедендік рәсімдерді жеңілдетуді және жүк тасымалының тиімділігін арттыруды талқылайды.

Илхам Әлиев бірлескен энергетикалық жобаларға да тоқталып өтті. Ол 2024 жылы Бакуде Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан президенттері Каспий теңізінің түбімен энергетикалық кабель салу жобасы бойынша келісімге қол қойғанын еске салды. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып жатыр.

Жаңа энергетикалық бағыт Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ мемлекеттерінің ынтымақтастығын кеңейтуге, сондай-ақ электр энергиясын сыртқы нарықтарға экспорттау үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Тағы бір маңызды бағыт – Каспий теңізінің түбі арқылы Қазақстан мен Әзербайжан арасында талшықты-оптикалық байланыс желісін салу.

Илхам Әлиевтің айтуынша, жоба тек екі мемлекет үшін ғана емес, сонымен бірге кеңірек аймақ үшін де маңызды болмақ. Жаңа инфрақұрылым цифрландыруды, деректерді өңдеуді, жасанды интеллектті және басқа да заманауи технологияларды дамыту үшін пайдаланылуы мүмкін.

Әзербайжан Президенті екі елдің мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығын да атап өтті. Қазақстан мұнайы қазірдің өзінде Әзербайжан аумағы арқылы белгілі бір көлемде тасымалдануда, бұл экспорттық бағыттарды әртараптандыруға және аймақтық энергетикалық жүйенің тұрақтылығын арттыруға септігін тигізеді.

Қазақстанның дамуы туралы айта келе, Илхам Әлиев елде жүргізіліп жатқан өзгерістерді оң бағалап, қазақ халқына алдағы уақытта да табыс тіледі. Ол жақында Түркістанға жасаған сапарынан алған әсерлерімен бөлісті.

Мен ол жерде тарихи мұраның қаншалықты ұқыпты сақталып, ұлы бабалар рухының қастерленетініне үлкен әсер алдым, – деді Әзербайжан басшысы.

Илхам Әлиев екі ел арасындағы қарым-қатынастардың серпінді дамып келе жатқанына қуанышты екенін жеткізді.

Қазақстан мен Әзербайжан көлік, энергетика, цифрлық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастыруда. Бұл өзара іс-қимылдың басты факторларының бірі – жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалог.

IV Шуша жаһандық медиафорумы бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенімді нығайту, дезинформацияға қарсы іс-қимыл, медианы цифрлық трансформациялау, жасанды интеллектіні қолдану және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне арналған.

Форумға қатысушылар сондай-ақ бейбітшілікті ілгерілетудегі, сенімді қалпына келтірудегі және халықаралық оқиғаларды объективті жариялауды қамтамасыз етудегі журналистиканың рөлін талқылауда.

Дереккөз: Әзербайжан мемлекеттік ақпарат агенттігі

QAZCONTENT PARYZ BRIDGE зерттеуі бойынша «Ақпарат және байланыс» саласындағы үздік үштіктен орын алды

QAZCONTENT компаниясы жұмыс берушілердің әлеуметтік тұрақтылығын бағалайтын PARYZ BRIDGE ауқымды зерттеуінің қорытындысы бойынша «Ақпарат және байланыс» саласында 3-орынға ие болды.

Еліміздегі ең ірі зерттеулердің бірі саналатын PARYZ BRIDGE жобасы аясында Қазақстан бойынша 117 компания мен 150 мыңнан астам қызметкер қамтылды.

Әлеуметтік тұрақтылық индексі төрт тәуелсіз дереккөз негізінде қалыптастырылды: халық арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама, қызметкерлердің пікірі, HR-процестердің жетілу деңгейін бағалау және HR көрсеткіштерін объективті талдау.

Зерттеу нәтижесі бойынша «Ақпарат және байланыс» саласы жоғары тиімділікті көрсетті. Саладағы еңбек өнімділігі бір қызметкерге шаққанда 94,1 млн теңгені құраса, HR-процестердің жетілу деңгейі 77,2%-ға бағаланған. Бұл салада бизнес пен адами капиталды басқару жүйесінің тиімді қалыптасқанын айғақтайды.

QAZCONTENT үшін бұл нәтиже – қызметкерлерге қолайлы жұмыс ортасын қалыптастыру, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау және еңбекке деген құрмет мәдениетін нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстың жемісі.

QAZCONTENT қызметкері БАҚ-тағы өзекті тенденциялар жайлы лекция оқыды

«Jastar Research Hub» жас сарапшылар акселераторы аясында «QAZCONTENT» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі Мөлдір Шыңғысқызы Кәрімова қатысушылармен кездесіп, «QAZCONTENT» қызметі, әлемдік медиа трендтер және еліміздің цифрлық медиасының даму бағыттары туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, отандық медиакеңістікті дамытудағы жаңа бастамалар мен цифрлық трансформацияның негізгі үрдістеріне тоқталды.

«Qazcontent» АҚ қызметкерлері «Таза Қазақстан – Таза Астана» байқауында жеңімпаз атанды

«Астана Тазалық» ЖШС ұйымдастырған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен блогерлерге арналған «Таза Қазақстан – Таза Астана» шығармашылық байқауында «Qazcontent» АҚ құрамындағы BAQ.KZ ақпарат агенттігінің қызметкерлері жүлделі орындарға ие болды.

Байқау қорытындысы бойынша BAQ.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі Аида Батухан «Әлеуметтік желідегі үздік жарияланым» номинациясында І орын иеленді. Ал BAQ.KZ ақпарат агенттігінің шығарушы редакторы Айым Сәдуақасова «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» номинациясында ІІ орынға лайық деп танылды.

Сондай-ақ Креативті контент дирекциясы әзірлеген деректі фильм байқауда үздік жұмыс ретінде бағаланып, арнайы марапатқа ие болды.

Аталған байқау бұқаралық ақпарат құралдары мен цифрлық платформаларда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғау мен тазалық құндылықтарын кеңінен насихаттауға бағытталған үздік журналистік және шығармашылық жұмыстарды анықтауды мақсат етті.