Аудитория жинау үшін асығыс ақпарат жариялау журналистикаға деген сенімге кері әсер етуі мүмкін – Әділ Сейфуллин

Елордада өтіп жатқан Astana Media Week-2026 халықаралық медиа платформасында QAZCONTENT басқарма төрағасы Әділ Сейфуллин журналистік жауапкершілік, жалған ақпарат тарату және кәсіби этика мәселелерін көтерді. Оның айтуынша, кейбір ақпарат құралдары қате мәлімет жариялағаннан кейін кешірім сұрамай, жаңалықты жай ғана өшіріп тастайды.

Мысал ретінде көрші елдегі стадион құрылысының құны туралы ақпарат келтірілді. Оның сөзінше, бастапқыда Қазақстандағы арена құрылысының құны көрші елмен салыстырылып, қоғамда сын айтылған. Алайда кейін жарияланған мәліметтің қате екені анықталған.

«Ал осы ақпаратты көшіріп жариялаған БАҚ қандай да бір жауапкершілік алды ма? Ең болмағанда журналистік қауымдастық тарапынан шара қолданылды ма?» – деді Әділ Сейфуллин.

QAZCONTENT төрағасының пікірінше, аудитория жинау үшін асығыс ақпарат жариялау журналистикаға деген сенімге кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан ақпарат құралдары жаңалықтың дұрыстығын тексеріп қана қоймай, қате кеткен жағдайда оны ашық мойындап, тиісті түзету енгізуі керек.