El.kz тілшісі «Еркін сөз» байқауының жеңімпазы атанды
QAZCONTENT АҚ-ға қарасты El.kz интернет-басылымының тілшісі Амангүл Тілейқызы Түркітілдес журналистер қоры ұйымдастырған «Еркін сөз» шығармашылық байқауында жеңіске жетті. Ол мерейтойлық додада «Сайттағы үздік мақала» аталымы бойынша топ жарды.
Биыл отандық журналистика саласындағы беделді жоба саналатын «Еркін сөз» шығармашылық байқауына 10 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде байқау қазақтілді журналистердің кәсіби шеберлігін шыңдап, өзекті тақырыптарды көтеруіне зор серпін беріп келеді.
Түркітілдес журналистер қорының бастамасымен өтетін дәстүрлі байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен көптеген журналистер қатысып, өз еңбектерін ұсынды.
Қазылар алқасы материалдардың өзектілігіне, кәсіби деңгейіне және көтерген мәселесінің маңыздылығына ерекше назар аударды.
Осы ретте Амангүл Тілейқызының «ЖИ қаруға айналды: алаяқтардың жаңа айла-тәсілдерінен қалай қорғанамыз?» атты мақаласы үздік атанғанын айта кетейік.
QAZCONTENT АҚ ұжымы әріптесімізді кезекті жеңісімен құттықтап, шығармашылық табыс тілейді!