QAZCONTENT Мумбайда өткен BRICS WAVES Bazaar форумына қатысты
Мумбай қаласында кино, телевидение және цифрлық контент индустриясының ірі өкілдерін біріктірген BRICS WAVES Bazaar 2026 халықаралық форумы өтті. Ауқымды шараға әлемнің әр түкпірінен 900-ден астам шығармашылық индустрия өкілі қатысып, кино мен телевидение, OTT платформалары, анимация мен VFX, ойын индустриясы, музыка, цифрлық контент, жасанды интеллект, технология және инвестиция бағыттарын талқылады.
Қазақстан атынан форумға «QAZCONTENT» АҚ, «Хабар» және «Астана» телеарналарының өкілдері, сондай-ақ продюсерлер, режиссерлер мен БАҚ мамандарынан құралған 10 делегат қатысты. Қазақстандық делегация үшін форум Үндістанның және халықаралық нарықтың жетекші ойыншыларымен тікелей байланыс орнатып, отандық контенттің әлеуетін таныстыруға мүмкіндік берді.

Qazcontent үшін BRICS WAVES Bazaar халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және қазақстандық контентті жаңа нарықтарға шығаруға бағытталған маңызды алаң болды. Форум аясында компания өкілдері шетелдік медиа ұйымдармен, контент өндірушілермен және индустрия мамандарымен кездесіп, тәжірибе алмасып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Іс-шараны Үндістанның Ақпарат және хабар тарату министрлігіне қарасты Ұлттық киноны дамыту корпорациясы (NFDC) ұйымдастырды. Форум бағдарламасына бастапқыда 500-ден астам делегат қатысады деп жоспарланғанымен, нәтижесінде оған 900-ден астам шығармашылық индустрия өкілі жиналды. Олардың қатарында продюсерлер мен режиссерлер, киностудиялар мен телеарналардың өкілдері, OTT платформалары, инвесторлар, технологиялық компаниялар мен стартаптар, мемлекеттік мекемелер және кино комиссиялары болды.

BRICS WAVES Bazaar аясында 275-тен астам іскерлік кездесу ұйымдастырылды. Бұл кездесулер барысында продюсерлер инвесторлармен, режиссерлер продюсерлермен, ал контент иелері дистрибьюторлармен келіссөздер жүргізді.
Үндістанның 1,5 миллиардқа жуық халқы бар алып ішкі нарығы форумның басты ерекшеліктерінің бірі болды. Осы тұрғыдан алғанда, шара қазақстандық компаниялар үшін үнді нарығындағы контент өндірісі мен дистрибуциясының ерекшеліктерін зерделеп қана қоймай, Қазақстанның шығармашылық индустриясы мен отандық медиаконтентін халықаралық аудиторияға таныстыруға жол ашады.

QAZCONTENT-тің BRICS WAVES Bazaar-ға қатысуы Қазақстанның медиа индустриясын халықаралық кеңістікке шығаруға, шетелдік әріптестермен байланыстарды нығайтуға және отандық контенттің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.