QAZCONTENT қызметкері «Тектілер ту көтереді» республикалық журналистер байқауының жеңімпазы атанды
«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Тектілер ту көтереді» республикалық журналистер байқауында «QAZCONTENT» АҚ құрамындағы BAQ.KZ ақпарат агенттігінің қызметкері жүлделі орынға ие болды.
Байқау қорытындысы бойынша BAQ.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі Мақпал Орынбек «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» номинациясында І орын иеленді.

Марапаттау рәсіміне «Сенімен Болашақ» Құрылтайшысы, идея авторы Нұркен Асанов, филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызы, Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, сондай-ақ қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері және жанашырлар қатысты.
Байқауға еліміздің барлық өңірлерінен 50-ге жуық баспа, интернет-басылым, радио және телеарна журналистері қатысып, ұлттық тәрбие, қоғамдық сана, ортақ жауапкершілік, рухани мұра және азаматтық ұстаным тақырыптарындағы шығармаларын ұсынды.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген қонақтар ұлттық рухты, азаматтық сананы және қоғамдық жауапкершілікті қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше екенін атап өтті. Олар журналистиканың қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күші екенін айтып, осы бағыттағы шығармашылық жұмыстарды қолдау алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.