Қазақ тарихы туралы ЖИ платформа құру жоспарлануда

Жобаның негізгі мақсаты – ұлттық тарихты электронды форматта кеңінен насихаттап келе жатқан Qazaqstan tarihy интернет-порталының аудиториясын кеңейту, оны тарих саласындағы орталық ХАБ-қа айналдыру. Сонымен қатар, жасанды интеллект жүйесіне Қазақстан тарихы, мәдениеті мен әдебиетіне қатысты қазақ тіліндегі ғылыми негізделген ақпараттарды шоғырландыру, ақпараттық және әдістемелік бағытта өзара ынтымақтастық орнату көзделіп отыр.

Кездесу барысында «Qazcontent» АҚ Басқарма төрағасы Айна Задабек Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Мемлекет тарихы институты» РММ-ге бастама көтеріп, бірлесіп жұмыс істеуге дайын болғаны үшін алғыс білдірді. Ол Қоғам тарапынан ЖИ саласында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып, тарихшы ғалымдардың мақалалары мен зерттеулерін портал бетінде жариялауға мүмкіндік туып отырғанын ерекше атап өтті.

Өз кезегінде Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD Нұрбек Пұсырманов жасанды интеллекттің цифрлық дәуірде өткенді танудағы маңызды құрал екенін атап өтті. Сондай-ақ, 2025 жылғы 25 қаңтарда өткен «Қазақстан тарихының өзекті мәселелері: жаңа көзқарастар және ізденістер» атты ғылыми форумда заманауи технологияларды игерудің маңыздылығын көтергенін еске салды. Оның айтуынша, жаңа платформа арқылы кез келген қолданушы отандық тарихқа қатысты ғылыми негізделген жауап алуға мүмкіндік алады.

Жол картасы аясында мемлекеттік тілдегі тарихи мақалалар мен сұхбаттарды арттыру, сондай-ақ Мемлекет тарихы институтымен бірлесіп e-history.kz порталындағы ЖИ-мен өңделген тарихи-танымдық материалдар базасын толықтыру көзделіп отыр. Сонымен бірге, Тәуелсіз Қазақстан тарихына қатысты кітаптар портал базасында жинақталып, олардың мазмұны жасанды интеллектке бейімделетін болады. 

Айта кетер болсақ, «Qazaqstan tarihy» порталы ресми түрде 2013 жылы 25 қыркүйегінде құрылған. Портал «Qazcontent» АҚ-ның заманауи, цифрлы, гуманитарлық интернет-өнімі. Қазіргі интернет кеңістікте біздің елімізге, оның мәдениеті мен тарихына деген тұрақты қызығушылық қалыптасқан. Сондықтан портал шетелдік азаматтар мен қазақстандықтарға қазақ тарихын, мәдениеті мен дәстүрлерін, әдебиетін жан-жақты насихаттап келеді.  Сайт контенті қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ұсынылған.

«Qazcontent» АҚ «Эко офис» жобасын енгізді

Бұл бастама экологиялық жауапкершілікті арттыруға және тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған. Бүгінде әлемдік деңгейдегі алдыңғы қатарлы компаниялар Біріккен Ұлттар Ұйымының 16 қағидасын қолдап, өз кеңселерінде дәл осындай жобаларды іске асыруда.

«Эко» офис тұжырымдамасы энергия үнемдеу, қалдықтарды сұрыптау, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану және жасыл технологияларды кеңінен енгізуді көздейді. Мұндай қадам қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, сонымен қатар ұжым ішінде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да ықпал етеді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от @qazcontent_official

KAZENERGY мен QAZCONTENT меморандумға қол қойды

2025 жылдың 5 ақпанында KAZENERGY қауымдастығы мен «QAZCONTENT» АҚ медиа компаниясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Құжатқа қауымдастықтың бас директоры Жандос Нұрмағанбетов пен «QAZCONTENT» АҚ басқарма төрағасы Айна Задабек қол қойды.

Келісім экологиялық және энергетикалық секторларды көрсетуге бағытталған бірлескен жобаларды қарастырады. Негізгі мақсаттар – ақпараттық ашықтықты қамтамасыз ету, жұртшылықпен өзара байланыс орнату, аудиторияны кеңейту және салалық журналистиканың біліктілік деңгейін көтеру.

2025 жыл Қазақстанда жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Жұмысшы мамандықтары жылы» қоғамда еңбексүйгіштік пен кәсібилік идеясын ілгерілетеді. KAZENERGY мен QAZCONTENT арасындағы ынтымақтастық мұнай-газ секторындағы жұмысшыларды қолдауға бағытталған.

Жетекші мемлекеттік медиахолдингпен ынтымақтастығымыз энергетика саласындағы, экологиялық жағдайды, оның ішінде мұнай-газ және атом өнеркәсібіндегі өзекті мәселелерді көрсетуге жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін, – деді Жандос Нұрмағанбетов.

Айна Задабек өз кезегінде:

Осы меморандумға қол қойылуы БАҚ пен энергетика секторы арасындағы ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашады, бұл маңызды ақпаратты тиімді жеткізуге мүмкіндік береді және БАҚ қызметкерлерінің оқыту шаралары мен өндіріс орындарын аралауы арқылы салалық журналистиканың дамуына ықпал етеді, – деді басқарма басшысы.

KAZENERGY қауымдастығы мұнай-газ саласындағы кәсіпкерлікті дамытуды қолдау мақсатында 2005 жылғы 2 қарашада құрылды. Қауымдастық мұнай-газ, электр энергетикасы және атом өнеркәсібінде қызмет ететін 70 компанияны біріктірді. KAZENERGY қызметінің мақсаты әлемде және ҚР-да энергетикалық және экологиялық саясаттағы өзгермелі басымдықтар жағдайында ҚР энергетикалық (мұнай-газ және электр энергетикасы) саласының тұрақты және теңгерімді дамуына жәрдемдесу болып саналады.

Qazcontent» акционерлік қоғамы — мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыратын медиа компания. Бүгінгі таңда компания 7 ақпараттық ресурсты біріктіреді: жаңалықтар сайттары — baigenews.kz, baq.kz, el.kz, тақырыптық порталдар — adebiportal.kz, e-history.kz, ruh.kz, сондай-ақ Қазақстан премьер-министрінің ресми сайты. Компания ресурстары 3 тілде қолжетімді.

Сынбаған саңлақтар

Қытайдың Ханчжоу қаласында IV пара Азия ойындары басталды. Аламан дода алдында Qazcontent мекемесінің шығармашылық тобы ел намысын әлемдік ареналарда абыроймен қорғап жүрген пара спортшылар жайлы деректі фильм түсірген болатын. Спортшылар екі аяғы мен қолынан айырылып, көз жанары нашарласа да спортты жанына серік етіп түрлі қиындықтарды қалай  жеңіп шыққанын айтады.

Мотивацияға толы бұл фильмде тек өзі үшін емес, ел намысын қорғап, ұлттық құрамада өнер көрсететін спортшылардың дайындығы мен жаттығуы көрсетіледі.

«Qazaqstan tarihy» порталына 10 жыл

«Qazaqstan tarihy» порталы – ұлттық тарихымыз туралы нақты және толық ақпарат беріп, тарих ғылымы саласындағы жетістіктерді насихаттап келе жатқан бағыты айқын бірегей жобалардың бірі. Qazcontent АҚ-ның заманауи, цифрлы, гуманитарлық интернет-өнімі.

2013 жылы 5 маусымда Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында «Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізілетін арнайы оқу, анықтамалық «Қазақстан тарихы» веб-порталын іске қосу және және оны интернет-ресурстарда белсенді таралуын қамтамасыз ету» деген тапсырма жүктелген болатын. Сол жылдың 25 қыркүйегінде Мемлекеттік хатшының  хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ және ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің қолдауымен e-history.kz домендік атауымен «Qazaqstan tarihy» порталы құрылды.

«Qazaqstan tarihy» порталы – цифрлық тарихи материалдарды, түрлі өзекті мәселелер бойынша энциклопедиялық анықтамалықтарды ұсынушы және ұлттық тарих пен мәдениетті танымал ету бойынша негізгі ақпараттық арна.  Бүгінгі таңда портал республиканың үздік 40 жаңалықтар сайтының тізіміне тұрақты түрде кіріп отыр. Сайтты күн сайын Қазақстан мен ТМД елдерінен 30 мыңға жуық оқырман қарайды. Жоғары нәтижеге қол жеткізудің бірден бір себебі – сайт жаңалықтарының үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) жариялануында. Бұл – e-history.kz. сайтының еліміздегі басқа танымдық порталдарынан ерекшелігін көрсетеді.

«Qazaqstan tarihy» қазақ халқының ежелгі тарихынан бастау алып, қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын энциклопедиялық анықтамалықты ұсыну және ұлттық тарих пен мәдениетті танымал ету бойынша цифрлы ақпараттық арна құру миссиясын арқалаған болатын. Ол мақсатымызды орындадық деп ойлаймын. Портал ашылған жылдары ауызша тарих, өлкетану, шежіре, қазақ халқының мәдени мұрасы сынды бөлімдерді толықтырып жұмыс атқарды, – дейді Алтынбек Құмырзақұлы.

Бүгінгі таңда Қазақстан тарихы мен тарихи мәселелерді интернет әлемінде насихаттап отырған бірегей жобаға айналды. Бір сөзбен айтсақ, бір институттың жүгін арқалап отырған порталға айналды. Әрине бұл жұмыстарды жүргізуде портал ұжымы ғана емес, Қоғам тарапынан да, еліміздегі тарих ғылымын зерттеп жүрген институттар тарапынан да қолдау мүмкіндіктері ерекше болды.

10 жыл уақыт ішінде портал Қазақстан тарихы ғылымы бойынша электронды оқулықтардың жинақталған мол қорын қалыптастырды. Порталдың Е-кітапхана бөлімінде 1000-ға жуық оқулық пен оқу құралының, монографиялар тарихқа қызығушы қауымның пайдасына жарап тұр. Бұдан бөлек күнделікті жарияланымдар санатында 10000-нан астам материал жинақталған. «Қазақстан тарихы» 5 кезеңінің толық электронды базасы қалыптасты. Порталда контент «Қазақстан тарихы», «Тарих 5 минутта», «Оқушыларға», «Тарихи білім», «Киелі Қазақстан», «Тұлғалар», «Ұлы дала», «Арнайы жобалар», «Мультимедиа» санаттары бойынша ұсынылған.

Ұжым өзім жетекшілік еткен бес жыл бойында әр түрлі жобаларды іске асырды. «Әулет» 20 сериялы деректі фильмдер топтамасын, «Семей полигоны», «Ұлытау. Ұлық Ұлыс» деректі тарихи фильмдерін,  «Жүз ауыл», «Әскери тарих», «Алаш100», «Ұлы дала», «Қазақстанның бейнелі тарихы», «Тарих ағай», «Quiz» жобалары оқырмандарын қызықтыра алды. Биылдың өзінде оқырмандарымызға «Qeoқазық», «Көшелер тарихы», «QazaqTalk» мультимедиялық жобалары мен «Сұлтан Бейбарыс 800», «Күндерек» жобаларын қолға алып отыр, – дейді портал жетекшісі.

Айта кетейік, Е-history.kz ұлттық Award.kz интернет-сыйлығының «Бала тәрбиесі, білім және ғылым» аталымы бойынша білім берудің үздік ресурсы аталымының иегері. Портал қызметкерлерінің жұмысы бірнеше рет түрлі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мақтау қағаздарымен және алғыс хаттарымен марапатталды

El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі «Үркер-2023» сыйлығын жеңіп алды

«Үркер-2023» баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы ұлттық сыйлықтың он екі номинациясы бойынша жеңімпаздардың есімдері белгілі болды. El.kz тілшісі Амангүл Тілей «Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал» номинациясының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Жыл сайынғы ұлттық «Үркер» сыйлығы қазақстандық журналистер қауымдастығы үшін басты сыйлықтардың бірі. Биыл байқау 12 номинация бойынша өткізілуде, оның ішінде медиа саласын дамытуға үлесін қосып жүрген медиа мамандары үшін үш жаңа номинация қосылды. Атап айтқанда, «Үздік халықаралық БАҚ», «Үздік подкаст», «Үздік YouTube каналы».

El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі «Үркер-2023» сыйлығын жеңіп алды

Байқауға баспа, радио, интернет-журналистика саласында қызмет етіп жүрген журналистерден барлығы 450 өтінім, солардың ішінде ең көбі «Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал», «Жылдың үздік сұхбаты», «Үздік өңірлік БАҚ», «Жылдың үздік аналитикалық материалы» және «Жылдың үздік репортажы» номинациялары бойынша келіп түсті. Үздік жұмыстардың құрамын беделді журналистер, медиа менеджерлер бар қазылар алқасы анықтады.
Журналистика саласындағы «Үркер-2023» жыл сайынғы жүлдесін марапаттау рәсімі Астанадағы «Қазмедиа» орталығында өтті.
Амангүл Тілейге мүсін мен бір миллион теңге табыс етілді.

«Qazcontent» АҚ қызметкерлеріне пәтер кілті табысталды

«Qazcontent» АҚ-да еңбек етіп жүрген үш қызметкерге пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еске сала кетсек, БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында «Qazcontent» АҚ қызметкерлеріне пәтер сертификаттары берілген болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асқан игі іс «Дара» президенттік бастамалар қорының және «Халық» қайырымдылық қорының демеушілігімен жүзеге асқан еді. «Qazcontent» АҚ қызметкерлеріне пәтер кілтін Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай тапсырды. BAQ.KZ ақпарат агенттігінің бас редакторы Мөлдір Бекбергеноваға 2 бөлмелі, Бауыржан Жуасбаевқа 1 бөлмелі пәтер, дизайнер Яна Смоляроваға 1 бөлмелі пәтер сертификаттары берілді.

BAQ.KZ ақпарат агенттігінің бас редакторы Мөлдір Бекбергенова құжат пен кілтті берсе де, сене алмай жатқанын айтады.

Қазіргі таңда үйді көруге бара жатырмыз. БАҚ күні қарсаңында ұзақ жылғы еңбегімізді бағалап, осынша құрмет көрсеткеніне алғысым шексіз, – деді Мөлдір Бекбергенова.

Тағы бір пәтер иесі «Qazcontent» дизайнері Яна Смолярова өз әсерімен бөлісті.

Әрине, бірден үйге барғым келеді. Бірақ қазір жұмыс істеп отырмын. Ойымның бәрі пәтерде, үйге өз аяғыммен барып кіруге асықпын, – деді ол.

Сондай-ақ «Qazcontent» АҚ Мәжілістің «Парламент сөзі» жүлдесін иемденді. Онымен қоса Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығында қазконтенттіктер қан тапсырған болатын. Астананың 25 жылдық мерейтойына ұйымдастырылған сайыста Qazcontent қызметкері үздік мобилограф атанған еді. 

Айта кеткен жөн, «Qazcontent» АҚ – мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыратын медиа компания. Бүгінгі таңда компания алты ақпараттық ресурстарды біріктіреді. Бұл жаңалықтар сайттары – baigenews.kz, baq.kz және el.kz, тақырыптық порталдар – adebiportal.kz және e-history.kz, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми сайты.

Компания ресурстары үш тілде қол жетімді: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде.

«RUH.KZ» ақпараттық-танымдық порталының Бас редакторы тағайындалды

«RUH.KZ» ақпараттық-танымдық порталының Бас редакторы қызметіне Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Арман Шеризат тағайындалды.

Ол бұған дейін «Әдебиет порталы» интернет-жобасында, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде тілшілік қызметтер атқарып, мол тәжірибе жинақтаған маман. Журналистік жолда әдеби, танымдық мақалалары мен «Бір суреттің тарихы» видеосұхбаты, «Еркін сөз» аудиоподкасты арқылы көзге түсті. Әдебиеттегі қадамын өлеңнен бастап жастай шығармашылық жолды таңдаған азамат бүгінде «Тәңірқұт», «Күміс шық» атты қос бірдей жыр жинақтың авторы.

«Ruh.kz» ақпараттық-танымдық сайты  2017 жылдың қыркүйек айында құрылып, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтына 2020 жылғы 4 мамырда берілді.

Портал жұмысының негізгі мақсаты – идеологиялық құндылықтарды насихаттау.

Сайт контенті интеллектуалды, мәдени және рухани бағыттағы тақырыптарды қамтитын материалдардан тұрады. Жарияланатын материалдардың негізгі форматы – елдің тарихи-мәдени дамуына ерекше үлес қосқан көрнекті қайраткерлер мақалалар, фоторепортаждар, бейне бағдарламалар мен инфографикалар. Жанрлары: жаңалықтар, мақалалар, сұхбаттар және т.б. Сонымен қатар, сайтта танымдық авторлық мақалалар, жастар, экология, ғылым, технологиялар, волонтерлік және жастардың әлеуетін дамытуға, оларды бәсекеге қабілеттілік пен патриотизмге бағыттайтын материалдар жарияланады.

2020 жылы сайтты жаңарту және оның функцияларын жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді, контент ескі нұсқадан сайттың жаңа платформасына толығымен көшірілді, жаңа бөлімдер құрылды. Қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

«Qazcontent» АҚ пен Мемлекет тарихы институты байланысты нығайта түсті

Бүгін «Qazcontent» АҚ пен Мемлекет тарихы институты екі жақты қарымқатынасты нығайту мақсатында меморандумға қол қойды. «Qazcontent» АҚ тарапынан Басқарма төрағасы Бекзат Жүсіпов, екінші тараптан Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов қол қойды.

Мақсат – ұлттық тарихты электронды форматта насихаттап келе жатқан Qazaqstan tarihy интернет-жобасының аудитория кеңістігін арттырып, порталды тарих мәселелері жайындағы орталық ХАБ-қа айналдыру, сондай-ақ қызметкерлердің кәсіби дағдыларын арттыру, ақпараттық, әдістемелік саладағы ынтымақтастықты қамтамасыз ету мәселелері қарастырылған.

«Qazcontent» АҚ Басқарма төрағасы Бекзат Жүсіпов төл тарихымызды, әдебиетімізді қоғамға қарасты сайттарында тұрақты насихаттап келе жатқанын тілге тиек етті. Сонымен бірге жас тарихшы ғалымдарға қолдау көрсетіп, олардың мақала, зерттеу еңбектерін портал бетінде жариялауға мүмкіндік туып отырғандығын атап өтті.

«Qazaqstan tarihy» порталы ресми түрде 2013 жылы 25 қыркүйегінде құрылған. Портал «Qazcontent» АҚ-ның заманауи, цифрлы, гуманитарлық интернет-өнімі. Қазіргі интернет кеңістікте біздің елімізге, оның мәдениеті мен тарихына деген тұрақты қызығушылық қалыптасқан. Сондықтан портал шетелдік азаматтар мен қазақстандықтарға қазақ тарихын, мәдениеті мен дәстүрлерін, әдебиетін жан-жақты насихаттап келеді.  Сайт контенті қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ұсынылған. Мақала авторлары – порталдың журналистері және белгілі тарихшылар, ғалымдар, мұрағатшылар, археологтар және тарих саласының басқа да мамандары.

Өз кезегінде Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов портал ел тарихын насихаттауда басты ақпараттық құрылым болып отырғандығын атап өтті. Сондай-ақ тарих және мәдениет саласындағы ұйымдар мен институттардың e-history.kz порталымен бірлесе жұмыс істеуі маңызды екенін айтты.

«Қазақстан тарихы» порталы сенімді дереккөз ретінде цифрлық тарихи материалды, тарихи мәселелерді,  энциклопедиялық анықтамалықты ұсыну және ұлттық тарих пен мәдениетті танымал ету бойынша еліміздегі негізгі ақпараттық арна болып отыр. Шынында да еліміздегі тарихқа қатысты барлық мәселелерді бір жерге шоғырландыру, ұлттық тарихымызды дұрыс насихаттау сіз бен біздің басты міндеміз.  Қазір білесіздер тарихты кез-келген адам айтатын болды. Сондықтан негізгі шынайы ақпараттық, ғылыми зерттеулерді біз айтып, оны e-history.kz сияқты бір медиаға жинақтауымыз күн тәртібінің басты мәселесі. Ол жұмыстарды жасауда еліміздегі тарих және мәдениет саласындағы жетекші институттарын, ЖОО бірлесуге шақырамын» – деді Мемлекет тарихы институтының басшысы.

Меморандум аясында Qazaqstan tarihy мен Мемлекет тарихы институты бірлескен медиа жобаларды жүзеге асырмақшы.

Qazcontent қызметкері үздік мобилограф атанды

Астананың 25 жылдық мерейтойына орай республикалық БАҚ өкілдері арасында өткен байқаудың жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

БАҚ өкілдеріне арналған байқауда 7 аталым бойынша барлығы 100-ден астам үміткер сынға түсті. Жеңімпаздарды еліміздегі белгілі журналистер, медиа-сарапшылар және белгілі сала өкілдерінен құралған конкурстық комиссия анықтады.

Қазылар алқасының шешімімен мынадай аталымдар бойынша байқау жеңімпаздары анықталды:

«Үздік журналист-сарапшы» – 1-орын – Гүлшат Сералы («Астана ақшамы» газеті), 2-орын – Арнұр Асқар («Егемен Қазақстан» газеті), 3-орын – Максим Удод («Вечерняя Астана» газеті);

«Үздік шолушы» – 1-орын – Назира Балташева («Голос народа» ақпараттық агенттігі), 2-орын – Әбубәкір Смайылов («Жас қазақ» порталы), 3-орын – Әйгерім Мұсатаева («Литер» газеті);

«Үздік радиорепортаж» – 1-орын – Дулат Абибуллаев («Қазақ радиосы»), 2-орын – Раушан Сыбанжанова («Халық радиосы»), 3-орын – Азамат Тілепов («Қазақ радиосы»);

«Үздік телесюжет» – 1-орын – Марк Брюшко («Жібек жолы» телеарнасы), 2-орын – Ғабит Бөкенбай («Қазақстан» телеарнасы), 3-орын – Динара Абдирова («24 kz» телеарнасы);

«Үздік мобилограф» – 1-орын – Ұлан Әбішев («Қазконтент» АҚ), 2-орын – Әйгерім Ержанова («Евразия» бірінші арнасы), 3-орын – Абай Уахит («Аманат» партиясы);

«Үздік фоторепортаж» – 1-орын – Шүкір Шахай, 2-орын – Владислав Воднев, 3-орын – Сұлтан Сейітов («Астана ақшамы» газеті), Ерлан Омаров («Егемен Қазақстан» газеті);

«Әлеуметтік желідегі Астананың 25 жылдығы туралы үздік материал» арнайы номинациясы – 1-орын – Қайнар Олжай, 2-орын – Ренат Ташкинбаев, 3-орын – Салтанат Жакупова («Елорда Инфо» сайты).

Бірінші орынға – 1 000 000 теңге, екінші орынға – 500 мың теңге, үшінші орынға – 300 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.

Айта кетейік, байқау Астана қаласы әкімдігінің тікелей қолдауымен ұйымдастырылды.