«QAZCONTENT» АҚ Орталық Азияның өңірлік экологиялық саммиті аясында 22–24 сәуір аралығында Астанада өткен RES 2026 EXPO халықаралық көрмесінің медиасеріктесі болып, іс-шараның кең ауқымды ақпараттық сүйемелдеуін қамтамасыз етті.
Іс-шара тұрақты даму және «жасыл» экономика мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Орталық Азия елдерінің мемлекет басшылары қатысып, көрменің жоғары халықаралық деңгейін айқындады.


Ұйымдастырушы ретінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының қолдауымен жұмыс жүргізді.

Көрмеге 30 елден 300-ден астам компания, 1500-ден астам делегат және 20 000-нан астам келуші қатысты. Алаң мемлекеттік органдар, бизнес және ғылыми қауымдастық өкілдерін біріктіріп, озық экологиялық технологиялар мен инновациялық шешімдерді ұсынды.


Медиасеріктестік шеңберінде «QAZCONTENT» АҚ көрменің басты іс-шараларын, оның ішінде ашылу салтанатын, іскерлік бағдарламаны және халықаралық сарапшылардың баяндамаларын жедел түрде жариялап, форумның мақсаттары мен қорытындылары туралы ақпараттың кеңінен таралуына үлес қосты.

