“Qazcontent” АҚ ұйымдастырған жасанды интеллектті (ЖИ) тиімді пайдалану тақырыбындағы тренинг өтті.

«Qazcontent» АҚ-да PR-мамандары мен журналистер үшін жасанды интеллект құралдарын пайдалану бойынша практикалық тренинг өткізілді.

Тренинг барысында қатысушылар ЖИ-нің көмегімен кәсіби міндеттерді шешуді үйренді: баспасөз релиздерін жазу, министрдің сөзін әзірлеу және оны әртүрлі тыңдаушыларға бейімдеу, фактілерді жинақтау және анықтамалық құжаттар құрастыру.

Тренингтің екінші бөлімінде мамандар генеративті нейросетьтермен танысты. PR-мамандар жасанды интеллекттің қолдауымен мультимедиялық контент (аудио, фото, бейне) жасауды тәжірибеде сынап көрді.

«Qazcontent» АҚ ақпараттық-коммуникациялық сала мамандарының цифрлық дағдыларын дамытуды жалғастырады. Компания болашақта да арнайы білім беру бағдарламалары арқылы жасанды интеллекттің кәсіби қызметтегі интеграциясы мен тиімді қолданылуын қолдауға бағытталған.

«Сөзмерген – 2025» қалалық шешендік өнер сайысы өтті

Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Сөзмерген – 2025» атты қалалық шешендік өнер сайысы өз мәресіне жетті.  Әр саладан келген 18-45 жас аралығындағы үміткерлер қатарында – журналистер, мектеп мұғалімдері, мәдени мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйым өкілдері сөзден маржан төгіп, ойын айшықты тілмен жеткізіп, сайыстың көрігін қыздырды.

Әділқазылар алқасы құрамында белгілі қаламгер, журналист-этнограф Бекен Қайратұлы, «Жайдарман» жобасының жетекшісі, “Құрмет” орденінің иегері Есен Елеукен, ақын, қоғам қайраткері, «Жастар» театры директорының орынбасары Мақпал Мыса,  ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті, Кітап ісі басқармасының сарапшысы Айбала Бекмұханбет,  Журналист, медиа-менеджер Мәди Манатбек сынды елге танымалы тұлғалар болды.

Төрт кезеңнен тұратын сөз өнер байқауының алғашқы кезеңі – «Мен, мен, мен едім…» тақырыбына қатысушылар жеребе арқылы таңдалып, реттік нөмірі бойынша өнер көрсетті. Әр қатысушыға ситуациялық тапсырма ретінде қоғамдағы бір дауды ұсынды да, қатысушы сол ситуациядан қалай шығып, дауды қалай шеше алатын сөз тапқыштығы сыналды. Кейбір қатысушылар тақырыпты түсінгенмен, сөз саптау барысында қойылған талаптардан ауытқып жатса, кейбір қатысушы алғашқы кезеңнің талабын түсінбестен, сөзі бір жақта, ойы бір жақта шашырап жатты.

Бірінші кезең қорытындысы бойынша қатысушы үміткердің үшеуі сүрініп, қалған үміткерлер келесі «Ділмар» атты екінші кезеңге өтті. Екінші кезең талабы бойынша қалған үміткерлер экрандағы ұяшықтан таңдаған тақырып негізінде сөз сөйлеп, ой-пікірін ортаға салып жатты. Уақыт қысқа, үш минуттық уақытқа ойын жинақтап, өзі таңдап алған тақырып бойынша сөзін дәйекті жеткізіп шығу шынында қатысушыларға оңайға соққан жоқ. Бұл кезеңнен де сүрінген қатысушылар үшінші кезеңнің  «Тобықтай түйін» атты сайысына қатыса алмады.

Үшінші кезеңде алдыңғы кезеңнен ең жоғары ұпай алған төрт қатысушы бақ сынап, «Әлеуметтік желідегі дауды бір ауыз сөзбен тоқ етерін айтып, түйінін шешу» – деген тақырып ұсынылды. Қатысушыларға: «Қазіргі аста-төк тойдың қоғамға тигізіп жатқан зардабы, минимализім тойды қалай жасаса болады» тақырыбында әлеуметтік желіге қандай пост жазар едіңіз деген талаппен бес минуттық уақыт берілді. Бұл кезеңнен сүрінбей өткен екі қатысушы ақтық кезең «Жиреншенің жолы» атты сөз сайысына түспестен, бір-біріне құрмет қылып, «үлкен алдында жас қарызы» деген қазақы қалыпты паш етті.

Байқауға қатысушыларды  қазылар алқасы ұпай арқылы бағалады. Қазылар шешімімен үздік деп танылған жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар мен арнайы диплом табысталады. Сөз сайыс қорытындысы бойынша бас жүлде – 300 000 теңгеге «Әдебиет порталының» қызметкері, ақын Ықылас Ожайұлы ие болса, бірінші орын – 200 000 теңге қаржылай сыйлыққа Жанболат Шәкім ие болды. Екінші орын әр қатысушы 100 000 теңгеден Қабиден Қуанышбай мен Бағлан Оразалыға бұйырса, үшінші орынды екі жеңімпаз – 75 000 теңгеден Ардаби Мәулет пен Бекзат Құлшар иеленді.  Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерген, қазақ тілінің шұрайын танытып, ой қуатының үстемдігін көрсеткен бұл сайыс осылайша өз мәресіне жетті.

Астанада журналистерге арналған ЖИ-ді тиімді пайдалану туралы тренинг өтті

“Qazcontent” АҚ ұйымдастырған журналистерге арналған жасанды интеллектті (ЖИ) тиімді пайдалану тақырыбындағы тренинг өтті. Іс-шараға әртүрлі БАҚ өкілдері, тәжірибелі тілшілер мен жас журналистер қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тренингтің мақсаты – ақпарат саласында жұмыс істейтін мамандарға ЖИ құралдарын тиімді қолдану арқылы жұмыс өнімділігін арттыруға, жаңа идеялар табуға және контент сапасын жақсартуға көмектесу. Бағдарлама екі сағатқа созылып, қатысушыларға теория мен практиканы үйлестірген жан-жақты тәжірибе берді.

Астанада журналистерге арналған ЖИ-ді тиімді пайдалану туралы тренинг өтті
Фото: Арман Мухатов

Сабақ барысында тренерлер ChatGPT және басқа да заманауи ЖИ модельдерінің мүмкіндіктерін көрсетті. Қатысушылар жаңалық мәтінін жедел дайындау, материалдарды рерайт жасау, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне аудару, репортаждар мен мақалаларға идея табу, сұхбатқа сапалы сұрақтар құрастыру, сценарий мен ресми құжаттар әзірлеу, сондай-ақ аудио және видео контент жасау тәсілдерін меңгерді.

Практикалық бөлімде қатысушылар шағын тапсырмалар орындап, бірден ЖИ құралдарының артықшылықтарын өз тәжірибесінде байқады. Әр тапсырма нақты журналистік жағдайларға негізделіп жасалды, бұл алынған білімді тікелей жұмыс процесінде қолдануға мүмкіндік берді.

Іс-шара соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Қатысушылар тренингтен алған әсерлерімен бөлісіп, мұндай іс-шаралардың жиі өтуін қолдайтындарын айтты.

Астанада журналистерге арналған ЖИ-ді тиімді пайдалану туралы тренинг өтті
Фото: Арман Мухатов

“Qazcontent” АҚ алдағы уақытта да ақпарат саласы мамандарына арналған білім беру бағдарламаларын жалғастырып, жасанды интеллектті кәсіби ортада кеңінен қолдануға ықпал етуді жоспарлап отыр.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от @qazcontent_official

“Qazcontent” АҚ журналистерге арналған тегін ЖИ тренингтерін өткізеді!

Ақпарат саласында жұмыс істейтіндер үшін жасанды интеллектті (ЖИ) тиімді пайдалану жолдарын үйренгіңіз келе ме? Онда осы тамыз айында өтетін тренингтерге қатысыңыз!

Тақырып: Ақпарат саласындағы ЖИ құралдары: практика мен мүмкіндіктер
Күндері: 8, 15 және 22 тамыз 2025 ж.
Басталу уақыты: 15:00
Ұзақтығы: 2 сағат
Өтетін орны: Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы, 30-үй, 4-қабат
Сертификат: барлық қатысушыларға беріледі
Қатысу: тегін
Тіркелу үшін сілтемеге өтіңіз

Тренинг барысында:
– ChatGPT және басқа ЖИ құралдарымен танысасыз
– Жаңалықтар жазу, аударма жасау, репортаж дайындау, сұхбатқа сұрақ құрастыру, креативті идеялар табу жолдарын үйренесіз
– Практикалық тапсырмалар арқылы машықтанасыз

Орныңызды алдын ала қамтамасыз етіңіз – орындар шектеулі!

Ермек Көшербаев Qazcontent ұжымымен кездесті

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев “Qazcontent” медиакомпаниясына арнайы келіп, редакциялар ұжымымен мазмұнды кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сонымен қатар, ол компанияның күнделікті жұмысымен танысты.

Вице-премьер журналистермен, редакторлармен пікір алмасып, жаңа жұмыс кеңістігін аралап көрді. Мұнда біріктірілген ньюсрум, мультимедиялық студиялар, дыбыс жазу студиясы мен баспасөз орталығы жұмыс істейді. Ермек Көшербаев мемлекеттік ақпараттық саясатты қазіргі заманға сай, қолжетімді форматта ұсынудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, қарқынды өзгеріп жатқан цифрлық ортада жұмыс тәсілдерін үнемі жаңартып отыру қажеттігін еске салды.

Жылы әрі іскерлік атмосферада редакциялық жұмысты ұйымдастыру, ақпараттық күн тәртібіндегі жаңа трендтер, мемлекеттік медианың цифрлық платформаларын дамыту мәселелері талқыланды. Әсіресе, контент дайындау мен таратуда жасанды интеллект құралдарын қолдану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Үкімет басшысының орынбасары әлеуметтік-экономикалық блокты, білім беру, денсаулық сақтау және өңірлік даму салаларын объективті түрде жариялаудың маңызын атап көрсетті.

“Qazcontent” АҚ басқарма төрайымы Айна Задабек компанияның қызметі жөнінде баяндап, мемлекеттік ақпараттық саясатты қолдауға, ұлттық құндылықтарды ілгерілетуге, мәдени-ағартушылық және креативті контентті дамытуға бағытталған медиа жобаларға тоқталды.

Кездесу соңында Ермек Көшербаев “Qazcontent” ұжымының әлеуетіне жоғары баға беріп, алдағы кәсіби табыстар, тың идеялар мен жаңа жобаларды жүзеге асыруда шабыт тіледі.

Бүгінде “Qazcontent” құрамына бес іргелі ақпараттық және тақырыптық редакция кіреді: BAQ.KZ ақпарат агенттігі, жастарға арналған танымдық El.kz порталы, әдеби портал Adebiportal.kz, тарихи-ағартушылық бағыттағы E-history.kz порталы және ҚР Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы.

Qazcontent медиа саласын жаңа деңгейге көтеріп жатыр

Қазақстандық медиакеңістікте ауқымды трансформация жүріп жатыр. Бұл өзгерістердің алдыңғы шебінде – Qazcontent акционерлік қоғамы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Компания журналистиканың дәстүрлі шекарасын кеңейтіп, жаңаша форматтарды, заманауи технологияларды және жасанды интеллектті ұтымды үйлестіріп отыр.

Бүгін Qazcontent кеңсесіне еліміздің жетекші медиасеріктестері арнайы келіп, компания жұмысының жаңа форматын көзбен көріп, даму бағытымен танысты. Ұйым соңғы жылдары ақпарат саласында бірқатар ірі жобаларды сәтті іске асырды. Олардың қатарында – Baq.kz, El.kz, Adebiportal.kz, E-history.kz және Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің ресми сайты бар.

Бұл платформалар ел ішіндегі және халықаралық маңызды жаңалықтарды сараптай отырып, Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан реформаларды қоғамға түсінікті әрі сапалы жеткізуге үлес қосып келеді.

Qazcontent – Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын алғашқылардың бірі болып енгізген медиаұйым. Жаңалықтар дайындауда нейрожелілермен жұмыс істейтін шығармашылық топ күн сайын контент өндіру процесін жеңілдетіп, жылдамдатуға күш салып отыр.

Компанияның төл жобасы – ИИ-аватар қазірдің өзінде көрермендерге күн сайын басты жаңалықтар шолуын ұсынып келеді. Бұл – отандық ақпараттық нарық үшін тың әрі батыл қадам.

2025 жыл Qazcontent үшін жаңа серпін кезеңі болды. Компания елорданың ең беделді ауданында орналасқан кең, заманауи ғимаратқа көшіп, барлық редакцияны бір кеңістікке біріктірді. Шығармашылық еркіндікке жол ашатын open-space форматтағы кеңсе мен соңғы үлгідегі студия медиапродукцияның сапасын айтарлықтай арттырды.

Кәсіби команда тәулік бойы жұмыс істеп, аудиторияны маңызды ақпаратпен үздіксіз қамтамасыз етуде. Сапалы журналистика, терең сараптама, эксклюзивті пікірлер мен өзекті репортаждар – осының бәрі Qazcontent ұсынатын ақпараттық өнімнің негізі.

Балажан Серғали Абайұлы «QAZCONTENT» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары болып тағайындалды

2025 жылғы 1 шілдеден бастап Серғали Абайұлы Балажан «QAZCONTENT» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

1987 жылдың 3 қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысы  (қазіргі Түркістан облысы) Отырар ауданында дүниеге келген. 2009 жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Тарих» мамандығы бойынша аяқтады.

Еңбек жолын 2009 жылы  «Қазақстан–Шымкент» телерадиокомпаниясында тілші болып бастады.

Еліміздің жетекші медиа саласында басқарушылық тәжірибесі бар, оның ішінде «Алматы» телеарнасының маркетинг департаментін, «Azattyq-Ruhy» редакциясын басқарған және «AMANAT» партиясының баспасөз хатшысы қызметін атқарған.

Журналистердің кәсіби мерекесінде “Qazcontent” АҚ бірқатар қызметкері пәтерлі болды

БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен медиа саласының 66 қызметкеріне пәтер сертификаты тапсырылды.

Бұл шара осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. 2023 жылы – 65, 2024 жылы 67 отбасыға баспана берілді.

Атап өтерлік жайт, баспана шын мұқтаж әріптестерге берілді. Олардың әлеуметтік жағдайы ерекше ескерілді.
Мәселен, биыл пәтерлі болған азаматтар қатарында 10 көпбалалы отбасы, 9 жалғызбасты ана бар. Сондай-ақ 12 отбасы мүмкіндігі шектеулі бала асырап отыр немесе ерлі-зайыптылардың біреуі денсаулығына байланысты еңбек етуге жарамсыз.

БАҚ саласында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп жүрген, бірақ еңбегі көп елене бермейтін режиссер, оператор, фотограф, монтажер, корректор секілді техникалық мамандар да қамтылды. Енді ғана шаңырақ көтерген отбасыларды, жас мамандар пәтерлі болды.

Кәсіби мереке қарсаңында үйлі болған медиа мамандарының арасында “Qazcontent” АҚ бірқатар қызметкері де бар.

“Президенттің отандық медиа қызметкерлеріне қашан да ықыласы ерекше. Журналистер қауымының баспаналы болуы – зор қуаныш әрі мемлекет тарапынан лайықты қолдау”, – деді ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.

Қазақстан Президенті БАҚ өкілдерін марапаттады

2025 жылдың 24 маусымында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай БАҚ саласының өкілдерін мемлекеттік марапаттармен марапаттады.

Мемлекет басшысы журналисттерді мерекелерімен құттықтап, олардың еңбегіне жоғары баға берді.
«БАҚ халықтың дауысы, ал журналистер шынайы ақпараттың таратушылары ретінде құрметке ие. Сіздер мемлекет пен қоғам арасындағы көпір болып, азаматтарға реформалар мен мемлекеттік саясаттың мәнін түсінуге көмектесесіздер. Бұл шынымен де жеңіл жұмыс емес және ол әркімнің күшіне жарамайды», – деп атап көрсетті Тоқаев.
Марапатқа ие болғандардың қатарында “Qazcontent” АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі Махат Кабирұлы Садық та бар. Әріптесіміз Президент Жарлығымен «Құрмет» орденімен наградталды

https://t.me/aqorda_resmi/25502?single

Qazcontent басшысы заманауи медианың қандай бағытта жұмыс істеуі керегін айтты

“Qazcontent” АҚ басқарма төрағасы Айна Задабек Қытай-Орталық Азия медиа ынтымақтастығына арналған форумда бірқатар бастама көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл форум Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы медиа ынтымақтастықты дамыту үшін өте маңызды. Қазір ақпараттық технологиялар біздің әлемді өзгертіп жатыр. Сол себепті осы кезеңде медианың рөлі айрықша. Олар классикалық ақпараттандырудан жоғары тұрады, – деді медиакорпорация басшысы.

Qazcontent – мемлекеттік компания. Оның құрамында 5 ақпараттық ресурс бар. Олар: Baq.kz, El.kz, Adebiet portaly, e-history порталы және Премьер-министрдің ресми сайты (primeminister.kz). Бұл мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын тілдері) жұмыс істейді.

Бүгінгі іс-шараның нәтижесінде біз өз тіл мүмкіндіктерімізді кеңейтеміз деген ойдамын. Былтыр біздің ресурстарымыз 270 млн-нан астам қаралым жинады. Ал ай сайынғы аудитория 2 млн-нан асады. Бұл қоғам мен серіктестердің жоғары сенімін көрсетеді. Біз цифрлық трансформацияға ерекше назар аударып отырмыз. Қазақстанда цифрлық бағыт қарқынды дамып жатыр. Біз де компаниямызда ЖИ-ді енгізудеміз. 2024 жылы ЖИ бойынша консультативті кеңес құрылды. Оқыту курстары, редакциялық және аналитикалық процестерді автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілді, – деді Айна Задабек форумда сөйлеген сөзінде.

Сонымен қатар компания халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытында да белсенді жұмыс істеп жатыр. Qazcontent басшысы компания бүгін форумға қатысу арқылы осы мәселеге қызығушылық танытатын білдіргісі келетінін атап өтті.

media_conf_02

Айна Задабек компанияның платформаларына 2023-2024 жылдары Өзбекстан мен Қырғызстаннан оқырмандар көп кіргенін айтты. Мысалы, Өзбекстаннан кіргендер саны 225 мыңға дейін жеткен. Сонымен қатар Қытай, Қырғызстаннан да әдебиет порталы, el.kz, Baq.kz сияқты сайттарды оқып тұрады.

Бұл нәтижелер жай ғана аналитика емес, қазақстандық контенттің халықаралық аренада сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті екенін растайды. Qazcontent осы ретте Қытай және Орталық Азия медиасымен ынтымақтастықты стратегиялық басымдық ретінде көреді, – дейді компания басшысы.

Задабек тарихқа және әдебиетке қатысты материалдарды қытай және басқа да тілдерге аударып жазуға болатынын айтты.

Жасанды интеллектке қатысты жобаларды ұсынғымыз келеді. Зияткерлік платформаларды, атап айтқанда, тарихи және білім беру бағыттары бойынша тәжірибе алмасуға, цифрлық өнімдерді бірлесіп әзірлеуге дайынбыз. Жуырда Qazcontent пен Синьхуа ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл ақпарат алмасуға, бірлескен медиа жобаларды іске асыруға және кәсіби байланыстарды нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатын тарихи қадам. Болашақта бірлескен жобалар болады деп үміттенемін. Қазіргі заманғы медиа тек уақытпен ғана емес, сонымен қатар бірлесіп жұмыс істей білу қажет. Qazcontent серіктестерге ашық. Бірлескен дамуға және тәжірибе алмасуға дайынбыз. Күш-жігерді біріктіріп, әркімнің үні естілетін тұрақты медиа құра алатынымызға сенімдімін, – деп ұсыныстарын жасады Айна Задабек.

Қытай-Орталық Азия ынтымақтастығын дамыту форумының және Үшінші халықаралық Жібек жолы байланыс конференциясын “Синьхуа” ақпарат агенттігі мен Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені бірлесіп ұйымдастырды.

Бұған дейін форум қатысушыларына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатын жолдаған болатын. 

Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов медиа мен мәдениет – ұлттар арасындағы сенімді нығайтудың тетігі екенін айтты.