Qazcontent АҚ мен «Жастар» ҒЗО ынтымақтастық меморандумына қол қойды

«Qazcontent» АҚ мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС арасында өзара тиімді ынтымақтастықты көздейтін меморандумға қол қойылды. Құжатқа «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Задабек Айна Задабекқызы мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Сайфулинқызы Нахбаева қол қойды.

Ынтымақтастықтың басты мақсаты – жастар арасында азаматтық белсенділікті, патриотизмді және әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға бағытталған сапалы контент әзірлеу. Тараптар жастар ортасындағы өзекті мәселелерді қамтитын әлеуметтік зерттеулер, сауалнамалар мен статистикалық деректер негізінде медиа шолулар мен талдамалық материалдар дайындауды жоспарлап отыр.

Атап айтқанда, ғылымды, мәдениетті, салауатты өмір салтын насихаттайтын бірлескен білім беру және ағартушылық жобалар, тұрақты рубрикалар, подкасттар мен мультимедиялық өнімдер жасалмақ. Сонымен қатар медиасфера мен мемлекеттік жастар саясаты аясында конференциялар, семинарлар мен тренингтер өткізу, жастарға қатысты заманауи үрдістерді талқылайтын сараптамалық алаңдар құру көзделген.

Бұл бастамалар El.kz жастар порталының мазмұнын одан әрі байытып, оның жастарға арналған жетекші ақпараттық-танымдық платформа ретіндегі рөлін күшейтеді. Айта кетейік, Qazcontent құрамына кіретін алты жобаның әрқайсысында жастарға арналған бағыт бар. Соның ішінде El.kz интернет-порталы былтырдан бастап даму бағытын түбегейлі өзгертіп, жастар аудиториясына арналған контентке басымдық беріп келеді.

Қазіргі таңда El.kz порталында жасанды интеллект пен IT, технология, бизнес, урбанистика, заманауи кино, музыка, сән, саяхат секілді өзекті тақырыптар кеңінен қамтылады. Сонымен бірге дарынды жастар, балаларға арналған танымдық және сараптамалық мақалалар мен эксклюзивті сұхбаттар тұрақты түрде жарияланып келеді. Ал порталдың негізгі аудиториясы – студенттер, жаңа буын кәсіпкерлері, креаторлар, талдаушылар мен сарапшылар.

Бұдан бөлек, El.kz-тің El.sport, El_kids, El.women және El.travel секілді арнайы парақшалары бар. Бұл алаңдарда еліміздің дамуына үлес қосып жүрген белгілі тұлғалармен қатар, талантты әрі белсенді жастардың жетістіктері кеңінен насихатталады.

Осылайша, аталған меморандум El.kz интернет порталының контенттік әлеуетін арттырып қана қоймай, жастарға арналған сапалы медиаөнімдер мен сараптамалық жобаларды жүйелі түрде дамытуға жол ашады.

Айта кету керек, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Жастар» ҒЗО мен «Qazcontent» АҚ бірлесіп El Jastary YouTube арнасында ай сайын шығатын «El jastary media» подкаст жобасын іске қосты. Подкастта Қазақстандағы жастар саясатының өзекті мәселелері, жаңа трендтер мен сараптамалық пікірлер талқыланады.

Qazcontent пен Қоғамдық даму институты ынтымақтастық меморандумына қол қойды

Бүгін “Qazcontent” АҚ мен “Қазақстандық қоғамдық даму институты” КеАҚ арасында меморандумға қол қою рәсімі өтті. Рәсім ҚҚДИ-ға қарасты “SARAP” эксперттік клубының “Кеңесуші институттар: конституциялық реформа аясындағы перспективалар” тақырыбындағы отырысы аясында өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біз медиа саласының өкілдері ретінде бұқаралық ақпарат құралдарының әрдайым мемлекет пен қоғам арасындағы көпір болып келгенін жақсы түсінеміз. Біздің міндетіміздің бірі – осы алаңда қандай мәселелер талқыланып жатқанын, қандай сұрақтар көтерілетінін қоғамға жеткізу, – деді “Qazcontent” АҚ басқарма төрағасы Айна Задабек.

Ол сондай-ақ әлеуметтік желілер қарқынды дамып жатқан заманда дәстүрлі БАҚ-тың сенімді ақпаратқа мықты сарапшылар арқылы қол жеткізуінің маңызын атады.

Qazcontent пен Қоғамдық даму институты ынтымақтастық меморандумына қол қойды

Бүгін біз “SARAP” эксперттік клубының отырысына қатыса отырып, сіздердің дәл осындай сарапшылар пулын құрайтындарыңызды, біз өз кезегімізде қазіргі және алдағы уақытта көтерілетін тақырыптарды қоғамға кеңінен түсіндіріп, жария ете алатынымызды, сондай-ақ қоғамдық кері байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік бар екенін көріп отырмыз, – деді басқарма төрағасы.

Qazcontent пен Қоғамдық даму институты ынтымақтастық меморандумына қол қойды

Айта кетейік, меморандум тараптардың өзара қолдауын және белсенді ынтымақтастығын қамтамасыз ету мақсатында жасалды. Онда тараптар қоғамдық дискурсты қалыптастыру, экономикалық, әлеуметтік және басқарушылық сауаттылық деңгейін арттыру үшін сапалы аналитиканы, сараптамалық диалогты және заманауи медиа форматтарды дамытудың маңызын мойындады.

Еске салсақ, Қазақстандағы қоғамдық кеңестердің басты ерекшелігі – олардың саяси мәселелерді талқылауға көшуі. Бұл туралы Еуразиялық интеграция институтының департамент басшысы Арман Ешмұратов “Кеңесуші институттар: конституциялық реформа аясындағы перспективалар” тақырыбында өткен “SARAP” эксперттік клубы отырысында мәлімдеді. Оның сөзінше, қоғамдық кеңестер саяси дискурсты қалыптастыра бастады.

«Ұлт оқитын 100 кітап» ұлттық жобасы оқырманға жол тартты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев оқырман санасын тәрбиелеуге бағытталған маңызды бастама көтерді. Сол тапсырмалардың аясында жүзеге асқан «100 кітап» жалпыұлттық жобасы.

«Ұлт оқитын 100 кітап» — «QAZCONTENT» АҚ құрамына кіретін «Adebiportal» интернет-порталы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының бірлескен жұмысының жемісі.

Жобаның негізгі ерекшеліктері:

  • Халық таңдауы: Тізімге жалпыұлттық сауалнама негізінде іріктелген 100 үздік көркем шығарма енді.
  • Жаңа формат: Кітаптар алғаш рет бірыңғай платформада, заманауи цифрлық форматта ұсынылып отыр.
  • Техникалық қолжетімділік: Порталдың басты бетінде арнайы баннер орналасқан, ол арқылы барлық кітаптардың электронды нұсқаларына еркін қол жеткізуге болады.
  • Мақсаты: Негізгі міндет — ұлттық әдеби мұраны дәріптеу және оқырмандарға сүйікті шығармаларын оқуға ыңғайлы жағдай жасау. Бұл — баршаға қолжетімді ашық онлайн-кітапхана.

Әдебиеттегі жасанды интеллект

Жобаның бірегей ерекшелігі — жасанды интеллект жүйесінің енгізілуі. Арнайы чат арқылы оқырман өз талғамын білдіре алады, ал жүйе қызықтыратын жанр немесе тақырып бойынша тиісті кітапты таңдап береді.

Ресми таныстырылым

Жобаның салтанатты тұсаукесері Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада өтті. Іс-шараға жоғары лауазымды тұлғалар, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Жазушылар одағының мүшелері, белгілі қаламгерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен кітапхана саласының өкілдері қатысты. Айтулы оқиға мемлекеттік БАҚ пен телеарналарда кеңінен жарияланды.

Медиа-насихат

Таңдалған шығармаларды кеңінен таныту мақсатында порталдың YouTube-арнасында және әлеуметтік желілерде арнайы материалдар топтамасы жарық көрді. 100 үздік кітап 10 жанрлық санатқа бөлініп, әр бағыт бойынша танымал әдебиеттанушылар, ғалымдар мен жазушылардың қатысуымен арнайы бағдарламалар әзірленді.

«QAZCONTENT» АЛДАҒЫ ҮШ ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН ДАМУ ЖӨНІНДЕГІ СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒДАРДЫ АЙҚЫНДАДЫ

«Qazcontent» медиакомпаниясы Директорлар кеңесінің мүшелері мен Қоғамның Басқарма өкілдерінің қатысуымен, сондай-ақ «Empower People» консалтингтік компаниясының қолдауымен стратегиялық сессия өткізді. Отырыс барысында 2025 жылғы қызметтің қорытындылары шығарылып, 2026-2028 жылдарға арналған дамудың негізгі бағыттары айқындалды.

Өткен жылғы жұмыс нәтижелеріне айрықша назар аударылды. Атап айтқанда, редакцияларды қайта құрылымдау және оңтайландыру мәселелері қарастырылып, осы үдеріс аясында baigenews.kz пен baq.kz ақпараттық агенттіктері біріктірілді. Қатысушылар бұл қадам бизнес-процестердің тиімділігін арттыруға және компанияның медиа нарығындағы позициясын нығайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Сондай-ақ редакциялық үдерістерге жасанды интеллект технологияларын енгізу және Креативті контент дирекциясын ашу бағытындағы оң нәтижелер де ерекше аталды.

Сессия аясында алдағы үш жылға арналған даму жоспары таныстырылып, стратегиялық басымдықтар мен оны іске асыруға бағытталған нақты қадамдар айқындалды. Талқылауға «Qazcontent» компаниясының ұлттық медиакеңістіктегі көшбасшы рөлін нығайту, сондай-ақ кадрлық әлеует пен шығармашылық ұжымдарды дамыту мәселелері негізгі өзек болды.

Медиакомпанияның басты миссиясы – медиа нарықтағы заманауи үрдістер мен сын-қатерлерді, оның ішінде цифрландыруды, жасанды интеллект технологияларын енгізуді және креативті контентті дамытуды ескере отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік ақпараттық саясатын жүзеге асыруға жәрдемдесу.

Алдағы жылдарға арналған стратегиялық міндеттердің қатарында медиажобалардың тиімділігін арттыру, компания қызметіне жасанды интеллект технологияларын одан әрі енгізу, Қазақстанның медиакеңістігінде, оның ішінде өңірлік БАҚ-та цифрлық шешімдерді дамыту, жетекші халықаралық БАҚ-пен серіктестік байланыстарды нығайту, сондай-ақ медиахолдингтің арнайы жобалар аясын кеңейту көзделген.

Қазіргі таңда медиакомпания құрылымына бес медиаплатформа: baq.kz және el.kz жаңалық сайттары, adebiportal.kz және e-history.kz тақырыптық порталдары, сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы кіреді. Аталған ресурстардың жиынтық аудиториясы ай сайын 2 миллионнан астам оқырманды құрайды.

«Бүгінде біздің алдымызда компанияның Қазақстанның медиакеңістігіндегі позициясын нығайтып, 2025 жылы басталған реформаларды жалғастырумен қатар, мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру міндеті тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылы жасанды интеллектті дамыту жөнінде белгілеген міндеттеріне сәйкес, медиакомпания осы мақсаттарға қол жеткізуге белсенді түрде ықпал етіп, озық цифрлық шешімдерді енгізу және ұлттық медиакеңістікті дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуді көздейді», – деп атап өтті «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Айна Задабек.

Қабылданған шешімдер мен айқындалған бағдарлар медиакомпанияның тұрақты өсімін қамтамасыз етуге және еліміздің ақпараттық кеңістігіндегі беделді ойыншы ретіндегі позициясын нығайтуға, ұлттық медиа саласының дамуына ықпал етуге, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренадағы имиджін ілгерілетуге бағытталған.

Қазақстан мен Ресей медиаәріптестігін нығайтады

2025 жылдың 28 қыркүйегінде Алматы қаласында Қазақстан-Ресей медиафорумының екінші сессиясы өтті.

Қазақстан делегациясының құрамына Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин кірді, ал Ресей делегациясын РФ Президенті Әкімшілігінің басшысының орынбасары, РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков басқарды.

Форумды Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені өткізді. Бұл іс-шара 2024 жылдың қарашасында Мәскеуде өткен Бірінші Қазақстан-Ресей медиафорумында ИТАР-ТАСС ұсынған бастаманың жалғасы болып табылады.

Aljazeera мен QazСontent компаниялары серіктестік мәселесін талқылады

Халықаралық Aljazeera телеарнасының өкілдері – жарнама департаментінің басшысы Хафез Аль-Ава мен коммерциялық мәселелер жөніндегі менеджері Мохамед Хамад QazСontent медиакомпаниясына келді.

Делегация Астанаға ұлттық медиаорталықтың жұмысымен танысып, ынтымақтастық бағыттарын талқылау үшін ат басын бұрған. Қонақтарға редакцияның саясаты, мультимедиялық өндіріс ерекшеліктері, материалдарды дистрибуциялау жүйесі және жаңалықтар ағынын басқарудың заманауи тәсілдері таныстырылды.

Тараптар жасанды интеллектті медиа үдеріске енгізу мәселесіне де ерекше назар аударды.

QazСontent өзінің жаңа буындағы мультимедиялық контентін жасауға мүмкіндік беретін AI-құралдарын, автоматтандыруға арналған шешімдері мен AI-Lab жобаларын таныстырды. Сонымен қатар делегация өкілдеріне компанияның креативті, деректі және халықаралық бастамалары мен қолданыстағы цифрлық мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.

Кездесу барысында алдағы ынтымақтастық перспективалары – бірлескен жобалар, тәжірибе алмасу, халықаралық медиафорумдарға қатысу және инновациялық технологияларды қолдану мүмкіндіктері талқыланды.

Aljazeera өкілдері QazСontent -тің даму деңгейіне жоғары баға беріп, серіктестікті нығайтуға дайын екенін жеткізді.

«Тарихи quiz» жастар назарын өзіне аударды.

Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Тарихи quiz» интеллектуалдық жарысы өтті. Ол Қазақстан тарихы кафедрасы мен e-history.kz порталының бастамасымен ұйымдастырылды. «Күлтегін» алаңында 8 команда – студенттер, магистранттар, докторанттар және оқытушылар – тарихи білімдері мен дауыс пікірлерімен бақ сынасты. Бұл іс-шара ұлт тарихын заманауи түрде таныстыруға және жастардың зияткерлік мәдениетін арттыруға бағытталды.

Қазіргі жастар арасында тарихи викториналар мен интеллектуалдық байқаулар өте танымал. Бұл формат студенттерге жай ғана білімін сынау мүмкіндігін ғана емес, сонымен қатар жылдам ойлау, сыни тұрғыдан талдау және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Дәл осы тенденцияның айқын дәлелі ЕҰУ-де өткізілген «Тарихи куиз» болды. Сайыс басталар-басталмас, залда бірден қызу тыныс орнап, қатысушылар да, көрермендер де толық оқиғаға еніп кетті.

Іс-шара аяқталған соң ұйымдастырушылар «Тарихи quiz» жобасын тұрақты форматқа айналдыру жоспарларын жариялады. Болашақта осындай ойындарды үнемі өткізу, әртүрлі факультеттерден студенттерді тарту және форматты кеңейту көзделіп отыр.

 

Астанада елдің ең ірі медиафорумы Astana Media Week 2025 аяқталды. Оған Қазақстаннан және шетелдерден мыңнан астам қатысушы жиналды.

Елордада БАҚ өкілдерінің басын қосқан Astana Media Week 2025 форумы өтті. Үш күн бойы қатысушылар журналистиканың болашағы, жасанды интеллект дәуіріндегі медиа, ұлттық контенттің дамуы тақырыптарын талқыланып, саладағы өзекті мәселелерді шешу жолын ұсынылды.

Биылғы форумға бұқаралық ақпарат құралдарының мыңнан аса өкілі қатысуда. Басым бөлігі қазақстандық телеарна, радио, газет-журналдар қызметкерлері. Сондай-ақ 65 спикер сөз сөйледі. Олардың арасында сала сарапшылары, тәуелсіз журналистер, Орталық Азия елдері мен Европа, Қытай және Әзербайжаннан келген әріптестеріміз бар.

2025 Astana Media Week медиа саласына қосқан үлесі үшін марапаттар тапсырумен аяқталды. Форум жаңа жобалар мен серіктестіктерді туғызып, қазақстандық БАҚ-тардың жаһандық бәсекеге дайын екенін дәлелдеген жаңашыл ойлардың нағыз мерекесіне айналды. Бұл іс-шара оны болашақ медианың қалыптасатын негізгі инновациялық алаңы ретіндегі мәртебесін бекітті.

“Qazcontent” АҚ түркітілдес ақпарат агенттіктері одағының (АТNA) төрағалығын қабылдады.

Қазақстанның астанасында Түркітілдес ақпарат агенттіктері одағының (АТNA) отырысы өтті. Оның нәтижесінде ұйымда келесі екі жылға төрағалық ету құқығы Түркиядан Қазақстанға өтті.

Одақты басқару өкілеттігі енді түркі әлемінің жетекші медиаресурстарын біріктіретін “Qazcontent” АҚ-на жүктелді.

Кездесу барысында делегация мүшелеріне Qazcontent компаниясының қызметі, мультимедиялық студиялары мен цифрлық контент өндірісі таныстырылды. Сондай-ақ, қонақтарға Қазақстанның медиа нарығының даму тенденциялары және мемлекеттік ақпараттық ресурстарды басқару бойынша тәжірибе ұсынылды.

«Qazcontent» АҚ төрағасы Айна Задабек өз кезегінде, төрағалықтың Қазақстанға өтуінің түркі мемлекеттері арасындағы медиааралық ынтымақтастықты дамытудағы еліміздің рөлін мойындаудың дәлелі екенін атап өтті.

“Бұл Qazcontent үшін үлкен марапат және серіктестердің сенімінің белгісі. Егер бұрын Одақ ұйымдастырушылық мәселелерге баса назар аударса, қазір біз мазмұнды жобаларға — тәжірибе, ақпарат және технологиялар алмасуына көшеміз. Ерекше назарды жасанды интеллект саласындағы жобаларды дамытуға аударамыз, олар түркітілдес БАҚ-тарды халықаралық аренада бәсекеге қабілетті етуге көмектеседі”, – деді ол.

«Qazcontent» ұжымы «Таза Қазақстан» акциясына қатысты

Республика бойынша өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына «Qazcontent» АҚ ұжымы да қатысып, жалпыұлтық іс-шараға қолдау көрсетті.

Айта кетейік, былтыр Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған акция бүгінде халықтық сипатқа ие болып отыр. Биыл жалпыұлттық іс-шара аясында республика аумағында 2,4 миллионға жуық көшет отырғызылған. Ауқымды акцияға ел бойынша 610 мыңнан астам адам атсалысып, бірлесе атқарылған жұмыстың нәтижесінде шамамен 90 мың гектар жер тазартылған.

«Qazcontent» АҚ журналисі Нұрлан Нұрыш акцияны қолдап, бұл бастаманың қоғамды біріктіруде әрі экологиялық мәдениетті дамытуда маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ азаматтарды жалпыұлттық іс-шараға белсене атсалысуға шақырды.

– «Бір тал кессең, он тал ек» деген сөз бар. Қазақстанның жері кең, бірақ елімізде орман алқабының үлесі 4 пайыздан сәл ғана асады. Ұлан-байтақ территориямызда орман мен тоғайдың үлесі көп болғаны жақсы. Сондықтан, бұл акцияға баршамыз атсалысуымыз керек. Биыл жалпыұлттық іс-шара аясында елімізде 2 миллионнан астам көшет отырғызылғаны айтылды. Ғажап көрсеткіш!, – деді Нұрлан Нұрыш.

Республика бойынша өткен акцияға «Qazcontent» АҚ ұжымының қызметкерлері белсене атсалысып, Астана қаласында 50 түп көшет отырғызды. Жалпы, «Qazcontent» ұжымы республикалық және қалалық деңгейде өтетін барлық экологиялық акциялар мен

сенбіліктерге тұрақты түрде қатысып келеді.