Ермек Көшербаев Qazcontent ұжымымен кездесті

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев “Qazcontent” медиакомпаниясына арнайы келіп, редакциялар ұжымымен мазмұнды кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сонымен қатар, ол компанияның күнделікті жұмысымен танысты.

Вице-премьер журналистермен, редакторлармен пікір алмасып, жаңа жұмыс кеңістігін аралап көрді. Мұнда біріктірілген ньюсрум, мультимедиялық студиялар, дыбыс жазу студиясы мен баспасөз орталығы жұмыс істейді. Ермек Көшербаев мемлекеттік ақпараттық саясатты қазіргі заманға сай, қолжетімді форматта ұсынудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, қарқынды өзгеріп жатқан цифрлық ортада жұмыс тәсілдерін үнемі жаңартып отыру қажеттігін еске салды.

Жылы әрі іскерлік атмосферада редакциялық жұмысты ұйымдастыру, ақпараттық күн тәртібіндегі жаңа трендтер, мемлекеттік медианың цифрлық платформаларын дамыту мәселелері талқыланды. Әсіресе, контент дайындау мен таратуда жасанды интеллект құралдарын қолдану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Үкімет басшысының орынбасары әлеуметтік-экономикалық блокты, білім беру, денсаулық сақтау және өңірлік даму салаларын объективті түрде жариялаудың маңызын атап көрсетті.

“Qazcontent” АҚ басқарма төрайымы Айна Задабек компанияның қызметі жөнінде баяндап, мемлекеттік ақпараттық саясатты қолдауға, ұлттық құндылықтарды ілгерілетуге, мәдени-ағартушылық және креативті контентті дамытуға бағытталған медиа жобаларға тоқталды.

Кездесу соңында Ермек Көшербаев “Qazcontent” ұжымының әлеуетіне жоғары баға беріп, алдағы кәсіби табыстар, тың идеялар мен жаңа жобаларды жүзеге асыруда шабыт тіледі.

Бүгінде “Qazcontent” құрамына бес іргелі ақпараттық және тақырыптық редакция кіреді: BAQ.KZ ақпарат агенттігі, жастарға арналған танымдық El.kz порталы, әдеби портал Adebiportal.kz, тарихи-ағартушылық бағыттағы E-history.kz порталы және ҚР Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы.

Qazcontent медиа саласын жаңа деңгейге көтеріп жатыр

Қазақстандық медиакеңістікте ауқымды трансформация жүріп жатыр. Бұл өзгерістердің алдыңғы шебінде – Qazcontent акционерлік қоғамы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Компания журналистиканың дәстүрлі шекарасын кеңейтіп, жаңаша форматтарды, заманауи технологияларды және жасанды интеллектті ұтымды үйлестіріп отыр.

Бүгін Qazcontent кеңсесіне еліміздің жетекші медиасеріктестері арнайы келіп, компания жұмысының жаңа форматын көзбен көріп, даму бағытымен танысты. Ұйым соңғы жылдары ақпарат саласында бірқатар ірі жобаларды сәтті іске асырды. Олардың қатарында – Baq.kz, El.kz, Adebiportal.kz, E-history.kz және Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің ресми сайты бар.

Бұл платформалар ел ішіндегі және халықаралық маңызды жаңалықтарды сараптай отырып, Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан реформаларды қоғамға түсінікті әрі сапалы жеткізуге үлес қосып келеді.

Qazcontent – Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын алғашқылардың бірі болып енгізген медиаұйым. Жаңалықтар дайындауда нейрожелілермен жұмыс істейтін шығармашылық топ күн сайын контент өндіру процесін жеңілдетіп, жылдамдатуға күш салып отыр.

Компанияның төл жобасы – ИИ-аватар қазірдің өзінде көрермендерге күн сайын басты жаңалықтар шолуын ұсынып келеді. Бұл – отандық ақпараттық нарық үшін тың әрі батыл қадам.

2025 жыл Qazcontent үшін жаңа серпін кезеңі болды. Компания елорданың ең беделді ауданында орналасқан кең, заманауи ғимаратқа көшіп, барлық редакцияны бір кеңістікке біріктірді. Шығармашылық еркіндікке жол ашатын open-space форматтағы кеңсе мен соңғы үлгідегі студия медиапродукцияның сапасын айтарлықтай арттырды.

Кәсіби команда тәулік бойы жұмыс істеп, аудиторияны маңызды ақпаратпен үздіксіз қамтамасыз етуде. Сапалы журналистика, терең сараптама, эксклюзивті пікірлер мен өзекті репортаждар – осының бәрі Qazcontent ұсынатын ақпараттық өнімнің негізі.