11.10.2025

«Qazcontent» ұжымы «Таза Қазақстан» акциясына қатысты

Республика бойынша өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына «Qazcontent» АҚ ұжымы да қатысып, жалпыұлтық іс-шараға қолдау көрсетті.

Айта кетейік, былтыр Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған акция бүгінде халықтық сипатқа ие болып отыр. Биыл жалпыұлттық іс-шара аясында республика аумағында 2,4 миллионға жуық көшет отырғызылған. Ауқымды акцияға ел бойынша 610 мыңнан астам адам атсалысып, бірлесе атқарылған жұмыстың нәтижесінде шамамен 90 мың гектар жер тазартылған.

«Qazcontent» АҚ журналисі Нұрлан Нұрыш акцияны қолдап, бұл бастаманың қоғамды біріктіруде әрі экологиялық мәдениетті дамытуда маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ азаматтарды жалпыұлттық іс-шараға белсене атсалысуға шақырды.

– «Бір тал кессең, он тал ек» деген сөз бар. Қазақстанның жері кең, бірақ елімізде орман алқабының үлесі 4 пайыздан сәл ғана асады. Ұлан-байтақ территориямызда орман мен тоғайдың үлесі көп болғаны жақсы. Сондықтан, бұл акцияға баршамыз атсалысуымыз керек. Биыл жалпыұлттық іс-шара аясында елімізде 2 миллионнан астам көшет отырғызылғаны айтылды. Ғажап көрсеткіш!, – деді Нұрлан Нұрыш.

Республика бойынша өткен акцияға «Qazcontent» АҚ ұжымының қызметкерлері белсене атсалысып, Астана қаласында 50 түп көшет отырғызды. Жалпы, «Qazcontent» ұжымы республикалық және қалалық деңгейде өтетін барлық экологиялық акциялар мен

сенбіліктерге тұрақты түрде қатысып келеді.