Журналистердің кәсіби мерекесінде “Qazcontent” АҚ бірқатар қызметкері пәтерлі болды

БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен медиа саласының 66 қызметкеріне пәтер сертификаты тапсырылды.

Бұл шара осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. 2023 жылы – 65, 2024 жылы 67 отбасыға баспана берілді.

Атап өтерлік жайт, баспана шын мұқтаж әріптестерге берілді. Олардың әлеуметтік жағдайы ерекше ескерілді.
Мәселен, биыл пәтерлі болған азаматтар қатарында 10 көпбалалы отбасы, 9 жалғызбасты ана бар. Сондай-ақ 12 отбасы мүмкіндігі шектеулі бала асырап отыр немесе ерлі-зайыптылардың біреуі денсаулығына байланысты еңбек етуге жарамсыз.

БАҚ саласында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп жүрген, бірақ еңбегі көп елене бермейтін режиссер, оператор, фотограф, монтажер, корректор секілді техникалық мамандар да қамтылды. Енді ғана шаңырақ көтерген отбасыларды, жас мамандар пәтерлі болды.

Кәсіби мереке қарсаңында үйлі болған медиа мамандарының арасында “Qazcontent” АҚ бірқатар қызметкері де бар.

“Президенттің отандық медиа қызметкерлеріне қашан да ықыласы ерекше. Журналистер қауымының баспаналы болуы – зор қуаныш әрі мемлекет тарапынан лайықты қолдау”, – деді ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.