10.06.2025

“Qazcontent” пен “Turkistan Media Holding” ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

“Qazcontent” пен “Turkistan Media Holding” медиа ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

“Qazcontent” акционерлік қоғамы мен “Turkistan Media Holding” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі медиа өндіріс және цифрлық коммуникациялар саласындағы әріптестікті дамыту мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжатқа “Qazcontent” АҚ басқарма төрағасы Айна Задабек пен “Turkistan Media Holding” ЖШС бас директоры Жанахмет Ағыбаев қол қойды.

Меморандум аясында тараптар ақпараттық-танымдық бағдарламаларды, медиа-жобаларды бірлесіп әзірлеуге, кәсіби іс-шаралар өткізуге, тәжірибе мен медиаконтент алмасуға келісті.

Біздің басты міндетіміз – уақыт талабына жедел ден қою және аудиторияға қызықты, объективті және өзекті ақпаратты ұсыну. Меморандумға қол қою өңірлік БАҚ құрылымдарымен серіктестік орнату және елдің біртұтас ақпараттық кеңістігін нығайтудағы маңызды қадам, – деп атап өтті “Qazcontent” АҚ төрағасы Айна Задабек.

Өз кезегінде Жанахмет Ағыбаев Түркістан облысының мәдени, туристік және іскерлік іс-шаралардың маңызды орталығына айналғанын айта келе, меморандум цифрлық ортада ұзақ мерзімді және тиімді әріптестіктің негізіне айналатынына сенім білдірді.

Жаңа ынтымақтастық Qazcontent платформалары арқылы өңірлік жаңалықтар мен жобаларды кең аудиторияға таратуға мүмкіндік береді, – деп сендірді ол.

Жалпы, бұл келісім медиа индустрияның цифрлық трансформациясы жағдайында жоғары сапалы контент әзірлеп, халықпен тұрақты байланыс арналарын дамытуға бағытталған.