«Qazcontent» медиакомпаниясы Директорлар кеңесінің мүшелері мен Қоғамның Басқарма өкілдерінің қатысуымен, сондай-ақ «Empower People» консалтингтік компаниясының қолдауымен стратегиялық сессия өткізді. Отырыс барысында 2025 жылғы қызметтің қорытындылары шығарылып, 2026-2028 жылдарға арналған дамудың негізгі бағыттары айқындалды.
Өткен жылғы жұмыс нәтижелеріне айрықша назар аударылды. Атап айтқанда, редакцияларды қайта құрылымдау және оңтайландыру мәселелері қарастырылып, осы үдеріс аясында baigenews.kz пен baq.kz ақпараттық агенттіктері біріктірілді. Қатысушылар бұл қадам бизнес-процестердің тиімділігін арттыруға және компанияның медиа нарығындағы позициясын нығайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Сондай-ақ редакциялық үдерістерге жасанды интеллект технологияларын енгізу және Креативті контент дирекциясын ашу бағытындағы оң нәтижелер де ерекше аталды.
Сессия аясында алдағы үш жылға арналған даму жоспары таныстырылып, стратегиялық басымдықтар мен оны іске асыруға бағытталған нақты қадамдар айқындалды. Талқылауға «Qazcontent» компаниясының ұлттық медиакеңістіктегі көшбасшы рөлін нығайту, сондай-ақ кадрлық әлеует пен шығармашылық ұжымдарды дамыту мәселелері негізгі өзек болды.
Медиакомпанияның басты миссиясы – медиа нарықтағы заманауи үрдістер мен сын-қатерлерді, оның ішінде цифрландыруды, жасанды интеллект технологияларын енгізуді және креативті контентті дамытуды ескере отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік ақпараттық саясатын жүзеге асыруға жәрдемдесу.

Алдағы жылдарға арналған стратегиялық міндеттердің қатарында медиажобалардың тиімділігін арттыру, компания қызметіне жасанды интеллект технологияларын одан әрі енгізу, Қазақстанның медиакеңістігінде, оның ішінде өңірлік БАҚ-та цифрлық шешімдерді дамыту, жетекші халықаралық БАҚ-пен серіктестік байланыстарды нығайту, сондай-ақ медиахолдингтің арнайы жобалар аясын кеңейту көзделген.
Қазіргі таңда медиакомпания құрылымына бес медиаплатформа: baq.kz және el.kz жаңалық сайттары, adebiportal.kz және e-history.kz тақырыптық порталдары, сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы кіреді. Аталған ресурстардың жиынтық аудиториясы ай сайын 2 миллионнан астам оқырманды құрайды.

«Бүгінде біздің алдымызда компанияның Қазақстанның медиакеңістігіндегі позициясын нығайтып, 2025 жылы басталған реформаларды жалғастырумен қатар, мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру міндеті тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылы жасанды интеллектті дамыту жөнінде белгілеген міндеттеріне сәйкес, медиакомпания осы мақсаттарға қол жеткізуге белсенді түрде ықпал етіп, озық цифрлық шешімдерді енгізу және ұлттық медиакеңістікті дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуді көздейді», – деп атап өтті «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Айна Задабек.
Қабылданған шешімдер мен айқындалған бағдарлар медиакомпанияның тұрақты өсімін қамтамасыз етуге және еліміздің ақпараттық кеңістігіндегі беделді ойыншы ретіндегі позициясын нығайтуға, ұлттық медиа саласының дамуына ықпал етуге, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренадағы имиджін ілгерілетуге бағытталған.

