“Qazcontent” АҚ түркітілдес ақпарат агенттіктері одағының (АТNA) төрағалығын қабылдады.

Қазақстанның астанасында Түркітілдес ақпарат агенттіктері одағының (АТNA) отырысы өтті. Оның нәтижесінде ұйымда келесі екі жылға төрағалық ету құқығы Түркиядан Қазақстанға өтті.

Одақты басқару өкілеттігі енді түркі әлемінің жетекші медиаресурстарын біріктіретін “Qazcontent” АҚ-на жүктелді.

Кездесу барысында делегация мүшелеріне Qazcontent компаниясының қызметі, мультимедиялық студиялары мен цифрлық контент өндірісі таныстырылды. Сондай-ақ, қонақтарға Қазақстанның медиа нарығының даму тенденциялары және мемлекеттік ақпараттық ресурстарды басқару бойынша тәжірибе ұсынылды.

«Qazcontent» АҚ төрағасы Айна Задабек өз кезегінде, төрағалықтың Қазақстанға өтуінің түркі мемлекеттері арасындағы медиааралық ынтымақтастықты дамытудағы еліміздің рөлін мойындаудың дәлелі екенін атап өтті.

“Бұл Qazcontent үшін үлкен марапат және серіктестердің сенімінің белгісі. Егер бұрын Одақ ұйымдастырушылық мәселелерге баса назар аударса, қазір біз мазмұнды жобаларға — тәжірибе, ақпарат және технологиялар алмасуына көшеміз. Ерекше назарды жасанды интеллект саласындағы жобаларды дамытуға аударамыз, олар түркітілдес БАҚ-тарды халықаралық аренада бәсекеге қабілетті етуге көмектеседі”, – деді ол.