04.07.2025

Ермек Көшербаев Qazcontent ұжымымен кездесті

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев “Qazcontent” медиакомпаниясына арнайы келіп, редакциялар ұжымымен мазмұнды кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сонымен қатар, ол компанияның күнделікті жұмысымен танысты.

Вице-премьер журналистермен, редакторлармен пікір алмасып, жаңа жұмыс кеңістігін аралап көрді. Мұнда біріктірілген ньюсрум, мультимедиялық студиялар, дыбыс жазу студиясы мен баспасөз орталығы жұмыс істейді. Ермек Көшербаев мемлекеттік ақпараттық саясатты қазіргі заманға сай, қолжетімді форматта ұсынудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, қарқынды өзгеріп жатқан цифрлық ортада жұмыс тәсілдерін үнемі жаңартып отыру қажеттігін еске салды.

Жылы әрі іскерлік атмосферада редакциялық жұмысты ұйымдастыру, ақпараттық күн тәртібіндегі жаңа трендтер, мемлекеттік медианың цифрлық платформаларын дамыту мәселелері талқыланды. Әсіресе, контент дайындау мен таратуда жасанды интеллект құралдарын қолдану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Үкімет басшысының орынбасары әлеуметтік-экономикалық блокты, білім беру, денсаулық сақтау және өңірлік даму салаларын объективті түрде жариялаудың маңызын атап көрсетті.

“Qazcontent” АҚ басқарма төрайымы Айна Задабек компанияның қызметі жөнінде баяндап, мемлекеттік ақпараттық саясатты қолдауға, ұлттық құндылықтарды ілгерілетуге, мәдени-ағартушылық және креативті контентті дамытуға бағытталған медиа жобаларға тоқталды.

Кездесу соңында Ермек Көшербаев “Qazcontent” ұжымының әлеуетіне жоғары баға беріп, алдағы кәсіби табыстар, тың идеялар мен жаңа жобаларды жүзеге асыруда шабыт тіледі.

Бүгінде “Qazcontent” құрамына бес іргелі ақпараттық және тақырыптық редакция кіреді: BAQ.KZ ақпарат агенттігі, жастарға арналған танымдық El.kz порталы, әдеби портал Adebiportal.kz, тарихи-ағартушылық бағыттағы E-history.kz порталы және ҚР Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы.