Астанада журналистерге арналған ЖИ-ді тиімді пайдалану туралы тренинг өтті
Тренингтің мақсаты – ақпарат саласында жұмыс істейтін мамандарға ЖИ құралдарын тиімді қолдану арқылы жұмыс өнімділігін арттыруға, жаңа идеялар табуға және контент сапасын жақсартуға көмектесу. Бағдарлама екі сағатқа созылып, қатысушыларға теория мен практиканы үйлестірген жан-жақты тәжірибе берді.
Сабақ барысында тренерлер ChatGPT және басқа да заманауи ЖИ модельдерінің мүмкіндіктерін көрсетті. Қатысушылар жаңалық мәтінін жедел дайындау, материалдарды рерайт жасау, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне аудару, репортаждар мен мақалаларға идея табу, сұхбатқа сапалы сұрақтар құрастыру, сценарий мен ресми құжаттар әзірлеу, сондай-ақ аудио және видео контент жасау тәсілдерін меңгерді.
Практикалық бөлімде қатысушылар шағын тапсырмалар орындап, бірден ЖИ құралдарының артықшылықтарын өз тәжірибесінде байқады. Әр тапсырма нақты журналистік жағдайларға негізделіп жасалды, бұл алынған білімді тікелей жұмыс процесінде қолдануға мүмкіндік берді.
Іс-шара соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Қатысушылар тренингтен алған әсерлерімен бөлісіп, мұндай іс-шаралардың жиі өтуін қолдайтындарын айтты.
“Qazcontent” АҚ алдағы уақытта да ақпарат саласы мамандарына арналған білім беру бағдарламаларын жалғастырып, жасанды интеллектті кәсіби ортада кеңінен қолдануға ықпал етуді жоспарлап отыр.